Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

«Елдіктің жеті тұғыры»: Қазақстанның әрбір азаматы бір-бірімен қазақша сөйлесуі керек

AstanaTV
26.11.2021ж. 20:00
1717
«Елдіктің жеті тұғыры»: Қазақстанның әрбір азаматы бір-бірімен қазақша сөйлесуі керек

Қазақстанның әрбір азаматы бір-бірімен қазақша сөйлесуі керек. «Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің отырысында осындай ұсыныс айтылды.  Жиынның негізгі мақсаты- Елбасының "Елдіктің жеті тұғыры" атты қағидаттарын кеңінен талқылау. Кеңес мүшелерінің сөзінше, Нұрсұлтан Назарбаевтың жас ұрпаққа жолдаған үндеуіндегі әрбір тармақтың маңызы орасан. Тақырыпты әріптесім Асылбек Данияр жалғастырады.

«Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығы - жаңа дәуірдегі қазақстандықтардың негізгі бағдары. Кеңес төрағасының айтуынша,  жеті тұғырды еліміздің әрбір азаматы білуі керек. Біліп қана қоймай, болашақ ұрпақтың бойына сіңіру маңызды, дейді.

Жанарбек ӘШІМЖАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, "MIRAS" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:


«Елдіктің жеті тұғыры» жаңа ұрпаққа, жас ұрпаққа осы өзінің қолымен құрып берген мемлекетті болашақ ұрпақ қалай жалғастыру керек дейтін үлкен бағдарламаларды соның заңды жалғасы деп айтуға болады.


"Тәуелсіздік – кез-келген азамат үшін ең қастерлі құндылық". Бұл "Елдіктің жеті тұғырындағы" алғашқы, әрі маңызды қағидат.  Сонымен бірге, тревел-блогер, азаматтық журналист Яков Федоров "Бірлік пен келісім – елдігіміздің мызғымас тұғыры" бүкіл қоғам үшін маңызды деп есептейді. Айтуынша, қазақтың тілі мен мәдениеті    біріктіру құралы болу тиіс. Қазақстанның әрбір азаматы бір-бірімен қазақша сөйлесуі керек, дейді.

Яков ФЕДОРОВ, ТРЕВЕЛ-БЛОГЕР, АЗАМАТТЫҚ ЖУРНАЛИСТ:

Мен сияқты тіл үйренетін адамдарға әлі контент жетпейді. Ойымша, егер үздіктердің методикасын видеоға түсіріп, YouTube-ке салсаңыз тіл үйрену үшін құралдармен мәселе болмайды екен. Бізде қазақ тілі біріктіру факторы болса, менің ойымша, расында бізде  біртұтас ұлт болады.

«Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығында «Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы» деген Елбасы оны болашақ ұрпаққа мирас ету – ортақ борышымыз екенін баса айтқан болатын. Осы орайда жазушы, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әлібек Асқар тәуелсіздік тұғырына қонған 30 жылда көптеген оң реформаларды жүзеге асырған еліміздің басты жетістіктерінің бірі ретінде шекараны толықтай заңдастырып, бекітуіміз екенін айтты.

Әлібек АСҚАР, ЖАЗУШЫ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ:

Осы отыз жылдың бас жетістіктердің бірі -  республикамыздың шекарасын толықтай заңдастырып бекітуіміз. Бұл Елбасының өткірлігінің бір шаруасы.

Алматы қаласы «Miras» аймақтық қоғамдық кеңесінің төрайымы Қарагөз Сүлейменова қағидаттар жиынтығын барлық білім ошақтары басшылыққа алуы керек дейді.

Қарагөз СҮЛЕЙМЕНОВА, АЛМАТЫ қ. "MIRAS" АЙМАҚТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ:

"Елдіктің жеті тұғыры" алдағы он жылдықтарда халықтың санасын жаңғыртатын, жаңа заман көшінде  тарихымызды, тілімізді, мәдениетімізді, ұлттық кодымызды жоғалтып алмауға өркениетті елдердің ішінде рухани жұтылып кетпеуімізге көмектеседі.

Отырыста қағидаттар жиынтығындағы барлық мәселе қамтылды, біршама ұсыныс айтылды.   «Miras-тың» республиканың барлық аймағындағы кеңестерінде "Елдіктің жеті тұғыры" бойынша отырыстар өтіп, түсіндіру жұмыстары жүргізілмек.

А. Данияр