Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Қостанайда колледж мұғалімін соққыға жыққан

AstanaTV
29.11.2021ж. 20:00
1328
Қостанайда колледж мұғалімін соққыға жыққан

«Ұстазымызды ұрған адам жауапқа тартылсын». Бұл -Қостанайдағы медициналық колледж студенттерінің талабы. Айтуларынша, олардың оқытушыларын біреу соққыға жыққан. Мұғалім кім ұрды?  Оқиға неден туындады? Өңірдегі тілшіміз Заңғар Санай мәселенің мән-жайын анықтап көрді.

Наталья Жоламанова осыдан 5 ай бұрын соққыға жығылып, денсаулығына нұқсан келгенін айтады. Оқытушының сөзінше, үйіндегі құбырды жөндету үшін слесарь шақыртқан көрінеді. Келген жұмысшы   әйелге көңіл білдіріп, кездесіп тұруға көндірмек болыпты. Көнбеген соң күш көрсетті дейді.  

Наталья ЖОЛАМАНОВА, ОҚЫТУШЫ:

Жансақтау бөлімінен кейін 23 күн бойы ауруханада жаттым.Қолым міне әлі күнге дейін ауырады. Жағыма зақым келген. Аяғым ауыр жарақаттанған.
 
Жоламанова - колледжде ұзақ жылдардан  бері жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі педагог. Оның студенттері оқытушымызды соққыға жыққан адам жазасын алсын дейді.

Сандуғаш ШАЛАБАЕВА, СТУДЕНТ:

Алты ай өтсе де, әлі ауырып жүр.Лекция барысында жиі тоқтап, шаршап қалады.Көп тұра алмайды.Көп сөйлей алмайтын халге түсті.

Колледж ұстазына қол көтерген слесарь қаладағы пәтер иелері кооперативінің  бірінде екі жылдан бері жұмыс істейтін көрінеді. Әріптестерінің айтуынша ол жұмысына жауапты. Адам түгілі ауладағы мысыққа қиянат жасамайтын жан дейді.

Лариса КОНДУР, ПИК ҚЫЗМЕТКЕРІ:


Ол өте жақсы адам. Әйелдерге ешқашан қол көтермейтін жан. Керісінше алақанында аялап жүреді. Ол әлгі әйелді де ренжіткен емес.   

Ирина БЕЖЕНАРЬ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Қазіргі таңда осы факті бойынша ҚР ҚК денсаулыққа қасақана ауыр  зиян келтіру 106 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Наталья Жоламанова ешқандай моральдық материалдық өтемақы талап етпеймін дейді. Тек жауапқа тартылуын талап етеді.  Бұл  шым-шытырық оқиғаның шындығы тергеу барысында анықталмақ.

З. Санай