Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Короновирустан айыққандарға жаңа штамның қаупі жоғары - ДДСҰ

AstanaTV
29.11.2021ж. 20:00
1109
Короновирустан айыққандарға жаңа штамның қаупі жоғары - ДДСҰ

Жаңа вирустың Алматыда да таралу қауіпі бар. Мамандар дабыл қағуда. Бұл вирус өзгелерден әлдеқайда қауіпті дейді. Егер жұқтыру көрсеткіші көбейсе, медициналық мекемелердің толып кетуі мүмкін екенін айтады. Толығырақ әріптесім Ақбота Базарбай тарқатады.

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алаңдаушылығын туғызған  жаңа штам өте жылдам тарауда.  Ұлыбританиялық вирусологтардың пікірінше, "омикрон"  көптеген мутацияға ұшырағандықтан өте қауіпті.  Оған вакцина да қауқарсыз дейді. Антидене де онымен күресе алмайтын көрінеді.  

Майк ТУЛ, БЕРНЕТ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚАУЫМДАСТЫРЫЛҒАН ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ, ЭПИДЕМИОЛОГ:

Біздің болжам бойынша, дельта штам анықталғанға дейін Үндістанның ішінде кемінде 2-3 ай таралды, сондай-ақ сол уақытта әлемді жайлап үлгерді. Сондықтан қазір одан да қауіпті вирустың пайда болғанын бүкіл дүниежүзі халқының аз уақыт ішінде хабардар болғанына қуануға болады.  Бірақ біз алаңдайтын мәселе- вирустың біздің денемізге енуіне мүмкіндік беретін беткі ақуыздағы 32 мутация.  


Отандық эпидемиологтардың айтуынша,  Алматыда "омикрон" штамының таралу қаупі бар. Бұған  COVID-19 штамдарының "негізінен ауа-тамшы механизмінен" таралатынын анықтаған зерттеу дәлел болған.

Сәдуақас БАЙҒАБЫЛОВ, АЛМАТЫ қ. САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Алдыңғы тәжірибе көрсеткендей, коронавирустың жаңадан анықталған штамдары, әуе тамшыларын беру механизмінен таралады, демек, вирус шыққан елден басқа елдерге таралатыны сөзсіз. Сондықтан Алматыда жаңа "омикрон" штамының пайда болу қаупі бар.


Денсаулық сақтау министрі "омикрон" штамының жеткілікті деңгейде зерттелмегенін  айтады.  "Дельта" штамынан қауіпті болуы мүмкін деген қорытынды жасауға әлі ерте дейді.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

"Омикрон" басқа штамдарға қарағанда қалай таралатыны әлі белгісіз. Иә, Оңтүстік Африкада қазір бұл штамды жұқтыру дерегі көбейген, бірақ эпидемиологиялық зерттеулер аяқталғанға дейін бұл нұсқаның таралу әлеуеті артқаны туралы нақты қорытынды жасауға болмайды. Әзірге "омикрон" белгілері COVID-19-дың басқа нұсқаларынан қалай ерекшеленетіні туралы ешқандай дәлел жоқ.  

Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

"Омикрон" туралы мәлімет аз, тек оның  өте жылдам тарап жатқаны белгілі. ДДСҰ-ның өзі бұл штамды зерттеуге бірнеше апта қажет дейді. Әзірше   вирустың жаңа түрі  туралы нақты ештеңе айтпауды ескертті. Қазір  аурудың алғашқы жағдайы анықталған Африкада эпидемиологиялық зерттеу жүріп жатыр.

А. Базарбай