Атырау облысындағы 7 балалы әйелдің өліміне несие себеп болуы мүмкін. Күдіктінің туыстары осылай дейді. Қанды оқиғадан кейін күдікті «алып берген несиені төлемей қойғаны үшін ашуландым»,- деген көрінеді. Ал марқұмның туыстары не дейді? Өңірдегі тілшіміз Базаргүл Нәдірқызы оқиға болған Құлсары қаласына барып келді.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Жантүршігерлік қылмыс Құлсары қаласы әкімдігі ғимаратының артындағы осы ашық алаңқайда болған. Сол күні келіншек жұмыстан өте кеш шығыпты. Осы маңнан өтіп бара жатқан куәгерлер полицияға хабар берген. Ал қазір айналада қылмыстың ізі мүлдем байқалмайды.
«Алтын алқа» иегері, 35 жастағы келіншек әкімдік ғимараты жанындағы полиграфиялық мекемеде еден жуушы болған. Қала әкімдігіндегілердің айтуынша, марқұм барлық тиісті әлеуметтік төлемдерді алып отырған.
Ернар ЫСМАҒҰЛ, ҚҰЛСАРЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Көп балалы ана ретінде бізден демеушілік көмекпен әртүрлі азық-түлік, қаржылай көмектер көрсетіліп тұрды. Одан бөлек әрбір балаға "алтын алқа" иегері ретінде үкіметпен бекітілген әлеуметтік төлемақыларды алып келді осы күнге дейін.
Қаралы отбасы арнайы сұхбат берген жоқ. Бірақ, күдіктіні кешірмейміз,- деп кесіп айтты. Әйелдің артында қалған 7 баланы өзіміз жетілдіреміз,- дейді. Ал оны пышақтап өлтірген күдікті бір күн бұрын ғана 25-ке толған көрінеді. Туыстарының айтуынша, екеуі бұрыннан жақсы таныс болған.
Сұлу ҚАРЖАУОВА, КҮДІКТІНІҢ АНАСЫ:
Кредит әперіп едім, соны төлемей тұр деген әңгіме болды. Маған сол күні аяғыма келіп жығылғанда айтқан сөзі. Сол үшін жасадым, апа,- деді. Үйге келді ғой сол күні. Оны жасап болып үйге келді ғой. –аяғыма жығылды апа кешір деп. Мен айқайладым.
Ал әпкелері інісінің осындай жауыздыққа барғанына сене алмай отыр. Жаман әдеті де, ашушаң мінезі де жоқ еді,-дейді.
Ләйлә ЖАНГЕЛОВА, КҮДІКТІНІҢ ӘПКЕСІ:
Екеуінің арасында жалғыз кредит емес, қызғаныш болды ма, білмеймін енді. Інім тап солай жасағанда мен сенген жоқпын, ондай бала емес еді. ИННмен қарағанда 900 мың үстінде ақшасы тұр почти, кредитке алған.
Күдікті қамауға алынған. Қазір полиция бұл іске қатысты тергеу жүргізіп жатыр.
Айша ТАЛАПКЕР, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ МАМАНЫ:
Құлсары қаласының 1986 жылғы тұрғынының өліміне кінәлі 1996 жылы күдікті анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта аталған фактіге қатысты ҚР ҚК 99 бабы, 1інші бөдімі бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізілуде.
Қанды оқиға Құлсарыны түгел дүр сүлкіндірді. Жұрт қаралы күнді еске алғысы келмейтінін айтады. Ал кісі қолынан қаза тапқан әйелдің артында қалған 7 баласының кішісі- 5 жаста, үлкені – колледж студенті.
Б. Надірқызы