Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Маңғыстау облысындағы балабақшалар мен колледждер саны үш есеге артты

AstanaTV
03.12.2021ж. 20:00
1930
Маңғыстау облысындағы балабақшалар мен колледждер саны үш есеге артты

Елдіктің елеулі 30 жылында Маңғыстау облысында мектепке дейінгі білім ошақтарының саны үш есеге артты. Қазіргі таңда аймақтағы бөбектерді балабақшамен қамту үлесі 100 пайызды құрап отыр. Оның сыртында орта білім ордаларының қатары көбейген. Тәуелсіздік жылдары тұсында өрге басқан өңірдің білім саласы жөнінде тілші репортажында.

Биология пәнінің мұғалімі Светлана Болотова тура отыз жыл бұрын осы білім ошағында еңбек жолын бастаған. Сол тұста жас педагог саналы ғұмырын балаларға арнайтынын анық түсінген сынды. Ұлағатты ұстаздар әулетінің өкілі анасы мен әжесінің өмірлік тәжірибесінен өнеге алған. Оның есімі «Балаларға берілген жүрек» атты кітапқа енгізілді.  Бұл туындада кіл мықтылардың есімі алтын әріппен жазылған. Білікті педагог отыз жылда еліміздің оқу-білім саласының көкжиегі кеңейіп,  көш ілгері дамығанын атап өтті.

Светлана БОЛОТОВА, Н.МАРАБАЕВ АТЫНДАҒЫ ЛИЦЕЙДІҢ МҰҒАЛІМІ:

Бұрынғы  кеңес кезініңі  мақсаты - сауатты, тәртіпті, берілген тапсырманы бұлжытпай орындайтын адамды дайындау болса, бүгінгі меже мүлдем өзгешелеу. Балаларды терең ойлауға, тұжырым жасауға, ақпарат ағымындағы көп мәліметті критикалық тұрғыдан сараптауға үйрету талабы тұр.

Тәуелсіздік жылдары тұсында өңірдегі мектептер  саны 1,5 есеге артып, 143-ке жетті. Колледжер үш есеге көбейген. Сұранысқа жоғары мамандықтардың басым бөлігі -  өңір туризмін дамытуға бағытталған.  

Ажар БЕЙСЕНОВА, МАҢҒЫСТАУ ТУРИЗМ КОЛЛЕДЖІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

2009 жылдан бері біздің Маңғыстау туризм колледжі 1300- ге жуық білікті мамандар дайындап, қызмет көрсету туризм саласына мамандар дайындап бердік. Қазіргі таңда колледж түлектері біздің 98 әлеуметтік-серіктестеріміздің  мекемелерінде жұмыс атқарып  жүр.


Жания САРМУРЗИНА, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Қазіргі таңда цифрландыру бағыты дейміз цифрлық технология дейміз немесе айти бағыты бойынша да жаңа өзгерістер бар.Бұрын мысалы операторлар ЭВМ машинасына дайындасақ, қазіргіт таңда роботехника,  компьютерлік ойындар бойынша , мультимедиа  бағыты бойынша мамандықтарды дамытып отырмыз.Сонымен қатар құрылыс саласында да жаңа мамандықтар ашып, осы бағытта дамытып отырмыз.


Маңғыстау облысын дамыту  мақсатында  қабылданған кешенді жоспар шеңберінде алдағы бес жылда тағы 35 білім нысаны бой көтермек. Биыл екі мемлекеттік және 8 жеке мектеп қолданысқа берілді.

З. Санай