Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қазақстан мен Өзбекстан арасында одақтастық байланыстар туралы Декларацияға қол қойылды

AstanaTV
06.12.2021ж. 20:00
1332
Қазақстан мен Өзбекстан арасында одақтастық байланыстар туралы Декларацияға қол қойылды

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев екі ел  арасындағы одақтастық байланыстар туралы Декларацияға қол қойды. Өзбекстан Президенті елордаға жұмыс сапармен келді, оны әуежайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күтіп алды. Бүгін кеңейтілген құрамда екіжақты келіссөз жүргізілді. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік салалары бойынша кооперацияны дамыту мәселелеріне баса мән берді. Қазақстанның Өзбекстанға тасымалданатын ыңғайлы локомотивтерден бастап, жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне дейінгі тауарларды көбейтуге мүмкіндігі бар екені қозғалды. Сондай-ақ су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара ықпалдастық мәселесі талқыланды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда айналымы 30 пайызға артып, 3 миллиард доллардан асты. Біз алдағы уақытта сауда айналымының көлемін 5 миллиард долларға, ал одан кейін 10 миллиард долларға дейін жеткізу міндетін қойдық. Пікіралмасу нәтижесінде бұл қол жеткізуге болатын мақсат деген ортақ тұжырымға келдік.


Президенттер гуманитарлық байланыстардың жанданғанын оң бағалады. Кездесу аясында мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев, " Ахмет Яссауи стипендиясы бойынша өзбек студенттерін Түркістандағы халықаралық университетке қабылдауға дайын екендігін айтты. Өз кезегінде Өзбекстан президенті алғысын айтты.

Шавкат МИРЗИЕЕВ, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз көп қырлы ынтымақтастығымыздың өзекті мәселелері бойынша мүдделеріміз бен ұстанымдарымыздың ортақ екенін тағы да дәлелдедік. Елдеріміз арасында орнатылған жақын әрі бауырластық байланыстарымызды жоғары бағалаймыз. Біз жиі кездескен сайын өзара қатынастарымыз жақсара түседі. Машина жасау, энергетика, электротехника, химия, жеңіл өнеркәсіп, банктер және басқа да салардағы кооперация бойынша сәтті шыққан жобаларымыз бар.

Д. Жарқынбек