Ауа райы -
×
Негізгі / Жаңалықтар / Еуропаға баруға ақша тапқан адам, вакцинаны сатып алуға да табатын шығар, - А.Цой

Еуропаға баруға ақша тапқан адам, вакцинаны сатып алуға да табатын шығар, - А.Цой

Еуропаға баруға ақшаңыз болса, демек вакцина сатып алуға да қаржы табылады. Денсаулық сақтау министрінің "Pfizer-ді" тегін салдырғысы келетіндерге берген жауабы осы. Оның сөзінше, мұндай адамдар екпені денсаулығы үшін емес шетелге қыдыру үшін амалсыздан алады. Алайда, коронавирусқа қарсы бұл препараттың құны туралы Алексей Цой жарытып ештеңе айтпады. "Омикрон" штаммы анықталған жоқ, дейді. Десе де, қазір Елордаға вирустың жаңа түрі тараған елдерден 200-ден астам туристің келгені анықталды. Олардан келер қауіп бар ма? Әріптесім Асылбек Данияр тақырыпты жалғастырады.

Коронавирусқа қарсы барлық вакцина қауіпсіз. Бұған министрдің өзі кепілдік беріп отыр. Оның тиімділігін бақылайтын тиісті орын да бар, дейді. Соған қарамастан тұрғындар қолжетімді емес, танымал компаниялардың екпелеріне қызығушылық танытатынын түсіне алмайды.  

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Біз де басқа да вакциналар бар. Бәрі де сапалы. Оның барлығы індеттен қорғауға қауқары жетеді. Мен мәселен QazVak-ты салдырдым. Онда тұрған ештеңе жоқ, бәрі тиімді. Көріп отырсыздар "дельта" штаммына да тиімді. Бірақ, халық айналып келіп брендтегі вакциналарға жабысады.

Ресейде COVID-19-дың "омикрон" штаммы анықталғаны белгілі. Көрші елдегі бұл жағдай билікті аса алаңдатпайтын сыңайлы. Өйткені бас дәрігер шекараны жабу, тіпті жоспарда жоқ, дейді.

Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Біріншіден, бұл бірлі-жарым жағдай. Оны біз бақылап отырмыз. Ресейлік әріптестермен байланыстамыз. Осыған ұқсас лямбда, басқа да штамдар бүкіл әлемде белсенді таралды. Сондықтан бұл жерде штамның көршімізде таралуын мұқият қадағалаудамыз. Егер бұл штамм жаппай таралса, әрине, тиісті шаралар қабылданады.

Нұр-Сұлтанға "омикрон" штамы анықталған елдерден 227 адам келген. Абырой болғанда олардан коронавирус белгілері анықталмады. Соған қарамастан олар 1 аптаға карантинге жіберілген. Ал, Алматы қаласының әкімі толық зерттеліп бітпеген індеттің жаңа түріне тойтарыс беруге сақадай саймыз, дейді.

Бақытжан САҒЫНТАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Емдеу алгоритмі бар. Қажетті қорғаныш заттары жеткілікті, дәрі-дәрмек бар. Қажетті құрал-жабдықпен толық қамтылған. Егер елімізге қазіргі шектеулерге қарамастан "омикрон" штамы келер болса, Алматының денсаулық сақтау бойынша инфрақұрылымы қиындыққа апармай, халықты аман-есен сақтап қалуға дайын.

Шетелдің вакцинасын белгілі, қазақстандық екпені жайы не болды? Алексей Цой препаратты мойындау туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен келіссөздер жүріп жатыр, деді. Айтуынша құжаттарды тапсыру рәсімдері әлі бітпеген. Бұл ұзаққа созылатын жұмыс деп отыр.

А. Данияр