Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Маңғыстау облысында 153 көпбалалы отбасы баспаналы болды

AstanaTV
08.12.2021ж. 20:00
1161
Маңғыстау облысында 153 көпбалалы отбасы баспаналы болды

Маңғыстау облысында 153 көпбалалы отбасы жаңа үйлер мен пәтерлерге ие болды. Кезекте тұрғандар өздеріне тиесілі баспаналарын "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасының көмегімен қол жеткізген. Мамандар алда 500-ге жуық тұрғынға жаңа пәтер табысталатынын айтты. Жауаптылар "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасының облыста қашанға дейін жалғасатынын мәлімдеді. Әріптесім Динара Жарқынбек толығырақ баяндасын.

Бес баланың анасы Зағипа Елтіжиева "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша баспана тізіміндегі 153 бақытты отбасының алғашқысы. Олар екі апта бұрын өзінің көптен күткен 5 бөлмелі пәтеріне қоныстанды. Көпбалалы ана арманына жеткеніне әлі сене алмайтынын айтады. Ерлі- зайыптылар 14 жыл бойы пәтер жалдап тұрған.

Зағипа ЕЛТІЖИЕВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА:

2019-да тұрдым үй кезегіне. Әр жерде жалдамалы пәтерде тұрдым. Жалдамалы пәтердің ақшасы 40-45 мыңға шығады. Өзім мектепте уборщица болып жұмыс жасаймын. Осындай көпбалалы аналарға осылай көмек жасап, қолдау жасаған облыс әкіміне, ауыл әкіміне  алғысымды айтам. Көп-көп рахмет осылай қолдау көрсеткендеріне.


Биыл тағы да ондаған отбасы құтты ұясына қоныс аударып, су жаңа баспаға ие болды. Көпбалалы жанұялар бұл қуанышқа мемлекеттік бағдарламаның көмегімен қол жеткізген.

Ербол МАХИТОВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Жыл соңына дейін көпбалалы аналарға бастапқы тұрғын үйлерден  пәтерлерді сатып алуға жалпы ауданнан 8400 шаршы метрді құрайтын 153 пәтерге 1 млрд 300 млн тг-ге қаржы бөлінген.  Және осы бағытта Маңғыстау ауданында қарқынды жұмыс жасақталып жатыр.


Маңғыстау облысында "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша көп балалы аналарға бастапқы тұрғын үйлерден пәтер сатып алуға 1 миллиард 300 миллион теңге бөлінді. Ақша республикалық бюджеттен жіберілді. Пәтерлер Ақтау қаласында, Маңғыстау, Қарақия, Түпқараған және Мұнайлы аудандарынан орналасқан. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданы - 8 400 шаршы метрді құрайды.

Мамандардың айтуынша, "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру келесі жылы да жалғасын таппақ. Жоспар бойынша 472 көпбалалы отбасы пәтерлі болмақ.

Д. Жарқынбек