Бітпейтін тәжірибе мен мың құбылған әдістер. Қазақстандықтарға ревакцинация жасау тактикасы өзгерді. Дәлірек айтқанда қайта екпе егу мерзімі 9 айдан 6 айға қысқарды. Бұл туралы елдің бас дәрігері Алексей Цой мәлімдеді. Денсаулық сақтау министрлігінің кезекті "жаңашылдығы" тікелей "Sputnik V" вакцинасына қатысты. Қаулы 8 желтоқсаннан бастап күшіне енді. Бас санитарлық дәрігер қол қойған құжатта, коронавирусқа қарсы екпенің қос дозасын алғандар мен індетпен ауырып шыққанына 6 ай болғандар туралы көрсетілген. Ведомство мұндай шешімді халықаралық ғалымдардың ұсыныстарын зерттей келе қабылдағандарын айтты. 22-ші қарашадан бері 45 мыңға таяу адам вакцинаның үшінші дозасын салдырған.
Алексей ЦОЙ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
Ғалымдарымыз халықаралық тәжірибені зерттеп көрді. Мұндай шешім бірден қабылданған жоқ. Әлемнің бірнеше елі ревакцинацияны жарты жылдан соң жасатуды ұсынып жатқанын көріп отырмыз. Біз уақытты қысқарттық, өйткені ағзаны коронавирустың жаңа штаммдарынан қорғау үшін жеткілікті мөлшерде анти-дене болуы керек.
Денсаулық сақтау министрі "омикрон" штаммына қатысты зерттеу жұмыстары әлі жалғасып жатқанын айтады. Жалпы, елде эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Күніне орташа есеппен 700-ден аса адамнан коронавирус ПТР сынамасы арқылы анықталуда. Жағдайды бақылау матрицасы бойынша, Ақмола облысы "қызыл" аймаққа кірді. Қалған өңірлер "сары" және "жасыл" белдеуде орналасқан. Бұдан бөлек екпе алуы керек халықтың 9 миллионға таяуы иммундауды аяқтады. Вакциналау көрсеткішінде Шымкент қаласы топ бастап тұр. Жоспарды қалтықсыз орындаған әкімнен оның құпиясын сұрап көрдік. Айтуынша вакцина құжатын жасанды жолмен жасатып жатқандар жоқ.
Мұрат ӘЙТЕНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Дұрыс түсіндіруінің арқасында, тұрғындардың түсіндіргенінің арқасында болды. Бүгінгі күні ондай факт анықталған жоқ. Оның бәрі бос сөз.
А. Данияр