$513 €541.16 ₽4.69
×

«Самұрық-Қазына» АҚ қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табысталды

AstanaTV
15.12.2021ж. 20:00
2204
«Самұрық-Қазына» АҚ қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табысталды

«Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы корпоративтік орталығында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты шара өтті.  Қор компаниялары тобының қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар табысталды. Үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен «Қазақстан темір жолы»  филиалының Маңғыстау жол дистанциясының жөндеушісі Байғали Сатыбалды, Жем локомотив пайдалану депосының тепловоз машинисі Рахметжан Байтанатов, Жамбыл вагон пайдалану депосында вагондарды қабылдаушы Талғат Болатов марапатталды. «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы жөндеу цехының жөндеуші-слесарі Талғат  Боранов «Құрмет» орденінің иегері атанды.  Мемлекеттік наградаларды «Самұрық-Қазына» -ның басқарма Төрағасы Алмасадам Сәтқалиев табыстады. Қор басшысы құттықтау сөзінде тәуелсіздік алғалы еліміз шарықтап дамып, «Самұрық-Қазына»  ел экономикасының қуатты драйверіне айналғанын айтты.   «Самұрық-Қазына» АҚ портфельдік компанияларының басшылары мен Қордың корпоративтік орталығының қызметкерлері  де марапатқа ие болды. Сондай-ақ, "Үздік маман" корпоративтік байқауы қорытындыланды. Бұл дәстүрлі кәсіби байқау Қор компаниялары қызметкерлерінің арасында жыл сайын ұйымдастырылады. Байқаудың нәтижесі бойынша бірінші орынды «Тау-Кен Алтын» балқыту және құю цехының басшысы Айдар Нұрланов иеленді.

Айдар НҰРЛАНОВ, «ТАУ-КЕН САМҰРЫҚ» АҚ БАЛҚЫТУ ЦЕХЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:

Финалға дейін қатысқан әр қатысушы, әр әріптестің мүмкіндігі бірдей болды. Әркімнің үздік маман атануға қақы болды. Өз ісіңнің шебері бол, мамандығыңның мықтысы бол дегенді естіп өстік. Сондықтан да осы аталған өз ісінің шеберлері, мамандықтың мықтысы бүгінгі марапатталған барлық қызметкерлерді бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер.

А. Базарбай