Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

«Есігімнен қаққан кім?» атты қойылым өтті

AstanaTV
20.06.2016ж. 20:00
3745
«Есігімнен қаққан кім?» атты қойылым өтті

«Есігімнен қаққан кім?» Астанада ерекше драмалық қойылымның премьерасы өтті. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер  - Жабал Ерғалиевтің шығармасына негізделген спектакльде Сирияға аттанған жастардың өмірі суреттеледі. Театрға жиналған дүйім көрермен, қойылымды дәл қазіргі қоғамдық құбылыстарды дөп басқан дүние, десті. Тақырыпты тілші тарқатсын.

Қойылым қазақ ауылындағы жайма-шуақ тіршілік көрінісімен басталады. Немере бағып отырған ата мен әже. Асыр салып ойнап жүрген балалар. Тыныштықтың берекесі, күн көрістің қамымен шет ел асып кеткен қызы мен күйеу баласы келгенде, қаша бастайды.

Қызым-ау! Ай-күннің аманында қара жамылып саған не болды? -Әке! Ин ша Алла! Бұл - микхаб. Араб әйелдері мен келіншектерінің киімі. Ин ша Алла енді қазақтың әр бір қыз-келіншегі осылай киініп жүру керек. Инша Алла!

Әке мен Ананың ақ батасын сұрамастан, күйеу баланың соңына ерген Гүлнұр жат жұртқа аттанады. Өздерімен ата мен әжеге бауыр басқан қыздарын ерте кетеді.

Гүлнұр, айналайын-ау бармаймын деп тұр ғой... Жолама кәпір! Жолама! Өзің кәпір болғаның аздай, енді қызымызды кәпір қылмақ ойларың бар ма?

Туған анасын өңмеңінен итерген қыздың жолына әкесінің өлімі де кедергі болмайды. Адасқан жастар Сирияға келіп күтпеген жайларға жолығады. Өкінгенімен, тым кеш еді.

Жихад бәрімізге ортақ. Алла жолында, ұлт та, ұлыс та, ел де жоқ. Бәрі бір мүслимдер жолы. Аллаху Әкбар! Аллаху Әкбар! Аллаху Әкбар!

Көптің көкейінде жүргенімен, қоғамдағы мұндай көріністерді көркем шығармаға сыйғызу - қиынның қиыны.  Бұл - жүз толғанып, мың сараланған дүние, - дейді қойылым сценариінің авторы Жабал Ерғалиев.

Жабал Ерғалиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, сценарий авторы:

Дін деген өте нәзік дүние. Сондықтан діни басқарманың теологтары мен ғалымдары маған үлкен көмек көрсетті. Әр жазғанымды апарып көрсетіп, мына жері дұрыс па, мына жері дұрыс па, Құранның аяттары дұрыс па, сөйлеген сөздері дұрыс па деген сияқты мәселелерді теолог ғалымдармен ақылдастық.

Нұрлан Жұманиязов, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының қоюшы-режиссері:

Өкінішке орай, көбіне біз білімсіздіктен, бір дөрекіліктен, немқұрайлықтан, үстемділіктен, бір-бірімізбен санаспаулықтан, осының бәрі келіп біздің ішкі өзіндік жан дүниемізге, қазақы жан дүниемізге сырттан араласатындарға бізде иммунитет жоқ сияқты.

Қойылымның шарықтау шегі тіпті қайғылы. Қыз бен күйеу жат елде оққа ұшады. Ал кішкентай қыздарын жихадтыққа оқытатын мектепке әкетеді. Елде қалған қайғы жұтқан ана да көп ұзамай өмірмен хош айтысады.

Айнұр Әмірханова, Астана тұрғыны:

Меніңше, бұл спектакльді жастарға көбірек көрсету керек секілді.  

Сандуғаш Жамаш, Астана тұрғыны:

Қазақ елін тастап, Алланың атымен кетіп, ата-анасының қарғысына ұшырау - өте қиын нәрсе. Мен көргенде ашуыма тиді. Қазақтың қыздары мен ер кісілерінің сондай нәрсеге барғандығы.

Жазира КЕНЖЕҒҰЛ