Атырауда блок бекеттен қару өткізбек болғандар ұсталды. Сондай-ақ аймақта төтенше жағдай тәртібін бұзушылар да азаймай тұр. Әсіресе, түнгі сағат 23:00ден кейін де жұмысын тоқтатпай, тіпті арақ-шарап сатуды тыймаған кәсіпкерлік нысандары көп. Өңірдегі ахуалды тілшіміз Базаргүл Нәдірқызы баяндайды.
Әкімдік ғимаратының есік-терезесі қирап, сау тамтығы қалмаған. Жаппай тәртіпсіздік кезінде әкімшілік ғимаратты бүлікшілер басып алған болатын. Әкімдік баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір шығын көлемі есептеліп жатыр.
Қалада жағдай тұрақты.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Қаланың кіре берістерінде 4 блокбекет пен 9 мобильді топ жұмыс істеп тұр. Полицейлер автокөліктерді тәулік бойы жіті бақылап өткізуде. Кеше ғана 10 аңшы пышағын алып өтпек болғандар ұсталды.
Сондай-ақ көлікте қысқы мерзімге арналған камуфуляжды киімдер болған. Атырау облысы комендатурасының ақпаратына сәйкес, төтенше жағдай талабын бұзған 80ге тарта факт тіркелген.
Түрлі психотроптық дәрілер сатқан 4 сатушыдан 2 тапанша мен мыңға тарта таблетка мен ампула тәркіленді. Ел іші дүрлігіп тұрған шақта тәртіпке бағынбай, ішімдік сатқан кәсіп иелері де анықталды.
Мейірім ЕРДӘУЛЕТ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Сондай-ақ қала аумағында алкоголь өнімдерін сатумен айналысқан 4 кәсіпкерлік нысанға 476 баппен әкімшілік іс қозғалып, сотқа жолданды.
Қазір аймақта темір жол қозғалысы қалпына келтірілді. Атыраулық теміржолшылар тәртіпсіздік салдарынан жараланғандар үшін донор болып, қан тапсырды. Айта кетейік, полиция департаментінің 49 қызметкері мен Ұлттық ұланның 27 сарбазы жарақаттанған.
Б. Нәдірқызы