Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Алматының тыныс-тіршілігі біртіндеп қалыпқа келуде

AstanaTV
10.01.2022ж. 20:00
1091
Алматының тыныс-тіршілігі біртіндеп қалыпқа келуде

Алматының тыныс-тіршілігі біртіндеп қалыпқа келуде. Қақтығыстан қираған қалада жолдар жөнделіп, көшелер тазартылып жатыр. Қоғамдық көліктер қозғалысы реттелді. Кейбір әлеуметтік нысандар ашылды, бірнеше базар жұмыс істеп тұр.   Бірақ бұл, тұрғындарға қала ішімен емін-еркін жүруге болады деген сөз емес. Құзырлылар лаңкестермен күрес әлі де жалғасып жатыр дейді. Қаладағы жағдайды  толығырақ тілшіміз Әсем Лесбек телефон арқылы жеткізеді.

Төңкерістен кейін тас-талқаны шыққан Алматының тіршілігіне бүгін қан жүгірді. Қаланың барлық аудандарында тазалық жұмыстары жүргізілуде.   200 тоннадан астам қоқыс шығарылып, аулалар түгел тазартылды. Жанар-жағармай құю бекеттерінің 70-і іске қосылды.  111 дәріхана ашылды.

Бақытжан САҒЫНТАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Қазір қаладағы қайта қалпына келтіру жұмыстары біртіндеп қолға алынып жатыр. Көше тазалау, қираған техникаларды қалпына келтіру оларды алып тастау көшелерден оның бәрі антитеррористік орталықтың шешімі бойынша шығарылып жатыр.  

Алматыда контртеррорлық операция әлі жалғасуда. Күштік құрылымдар лаңкестердің жасырынған жерін анықтап, қолға түсіру шараларын жүзеге асыруда. Полицейлердің айтуынша, күдіктілерден 22 бірлік атыс қаруы мен бір жарым мыңдай оқ дәрі тәркіленген. Бүлікшілер негізінен қаланың сыртқы және ішкі аудандарындағы пәтерлерде жасырынған.  

Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ қ. ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Алматы қаласында 508 күдікті ұсталды. Бұл лаңкестік әрекеттерге қандай да бүлік, тас-талқан шығаруға және басқа да қылмысқа қатысушылар. абақты және изоляторлардың барлығы қатаң күзетке алынды.

Алматы мен Талдықорған әуежайлары әзірге жабық. Индустрия және инфрақұрылымдық даму  министрлігі, олар тек жағдай тұрақталғаннан кейін жұмыс істейтінін хабарлады. Ал тәртіп сақшылары алматылықтарды қауіпсіздік шараларын сақтауға және көшеге ретсіз шықпауға шақырады.   

Ә. Лесбек