Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Ақтөбеде жағдай тұрақталып келеді

AstanaTV
11.01.2022ж. 20:00
1066
Ақтөбеде  жағдай тұрақталып келеді

Ақтөбе облысында жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Дегенмен, төтенше жағдай тәртібіне байланысты облыстық әкімдік ғимаратына күшейтілген күзет қойылған. Бірақ   комендаттық сағат режиміне қарамай, түн ішінде көшеде жүретіндер тыйылмай тұр. Өңірдегі ахуал туралы  тілшіміз Гүлвира Сейтенова толықтырады.  

Гүлвира СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:
 
Ақтөбеде жаппай тәртіпсіздіктердің аяқталғанына бүгін алтыншы күн. Коменданттық сағаттың шектеулерін айтпағанда, өңір тұрғындары   жайлап қалыпты өмірге көшіп жатыр. Дүкендер мен супермаркеттер ашық. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткілікті. Қоғамдық көлік жүріп жатыр.

Ресми мәлімет бойынша, тәртіпсіздік кезінде облыстық жедел жәрдем ауруханасына бас жарақатымен және денесіне оқ бытырасы тиген 50-ден астам адам жүгінген.

Сәкен ҚАПАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:
 
Бүлік кезінде жедел жәрдем ауруханасына елуден артық адам келді, жарақат алған. 15-сін ауруханаға жатқыздық. Қазір бәрі ем алып жатыр. Кейбіреуін үйге шығарып жатырмыз. Өте ауыры жоқ, бәрінің жағдайы жақсарып келе жатыр.


Жарақат алғандардың арасында 14 полиция қызметкері бар. Екі тәртіп сақшысы ем алып жатыр. Қалғаны қызметіне оралған. Митинг кезінде іріткі салды деген айыппен 11 адам ұсталған. Үшеуіне қатысты жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды деген баппен қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, полиция департаментінің ақпараты бойынша, кеше түнде комендант сағаты тәртібін бұзған 115  адам анықталған.   30 адам  қамауға алынды. Тоғызына айыппұл салынған. Қаладан шыға берісте үш, аудандарда жеті блок бекет қойылған. Тәртіп сақшылары кеше  күдік тудырған "Ваз-2140" автокөлігін тоқтату кезінде   12 калибрлі тегіс ұңғылы мылтықтың 2 бірлігін тәркіледі. Жүргізуші мен оның жанындағы танысы  әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тәртіпсіздіктер кезінде Ақтөбеде шағын және орта бизнеске зақым келген жоқ. Дегенмен, интернеттің жоқтығына байланысты форс-мажор жағдайына тап болған кәсіпкерлер өңірлік кәсіпкерлер палатасынан көмек сұраған. Ақтөбеліктер енді елде мұндай жағдай   қайталанбаса екен дейді.

БЛИЦ:

-    Бәрі тынышталып, әрі қарай бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Халықтың тыныштығы керек. Интернет бергелі әйтеуір банкке барып, шаруамызды шешіп, кредит төлеп, қалыпты жағдайға келе жатқан сияқтымыз.

-    Бәрі жақсы болады деген сенімдемін, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын.


Г. Сейтенова