Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / "Алматы – менің туған қалам. Қаланы қалпына келтіру-парызым"- Қ.Тоқаев

"Алматы – менің туған қалам. Қаланы қалпына келтіру-парызым"- Қ.Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда жедел штабтың отырысын өткізді. Онда Мемлекет басшысына  қала лаңкестерден толық тазарғаны туралы баяндалды. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың мәліметінше, мегаполис қалыпты өмірге қайта орала бастаған. Қазіргі уақытта қала тіршілігін қамтамасыз ететін барлық саланың жұмысын қалпына келтіру белсенді жүріп жатыр. Ал тәртіпсіздік кезінде келтірілген шығын көлемін анықтау жұмыстары әлі   жалғасуда деді. Мемлекет басшысы еліміздің ірі қаласына жасалған террористік шабуыл салдарын өз көзімен көру үшін Алматыға арнайы келгенін айтты. Сондай-ақ, Президент Үкіметтік комиссияға Алматы қаласының әкімдігімен бірлесе отырып, инфрақұрылым нысандарын, оның ішінде мемлекеттік, құқық қорғау және арнаулы құрылымдардың ғимараттарын, бейнебақылау жүйесін қысқа мерзім ішінде қалпына келтіруді тапсырып, зардап шеккен кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетінін айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Өздеріңізге мәлім, Алматы – менің туған қалам. Осында дүниеге келдім, оқыдым. Алдымызда қысқа мерзім ішінде қаланы қалпына келтіру міндеті тұр. Бұл – менің Президент ретінде және еліміздің азаматы ретінде парызым. Қаланың қалпына келетініне еш күмән жоқ. Үкіметтің алдында қаланың келбетін бұрынғыдан да жақсарту міндеті тұр. Бұл -өте үлкен жұмыс.

Президент сондай-ақ,  ауруханада жатқан жаралы  әскерилер мен полицейлерге барып, хал жағдай сұрады. Олармен тілдесіп, тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Мемлекет басшысы жаппай тәртіпсіздік кезінде  қаза тапқан  полиция қызметкерлері мен  әскери қызметшілердің туыстары және жақындарымен де кездесіп, көңіл айтты. Мемлекет оларға қолдау көрсетіп, қажетті көмекті көрсететінін жеткізді. Наградалар табыстады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Балаларыңыз халқымыз үшін, еліміз үшін жанпида болды.  Нағыз батырлар. Сондықтар оларды біз бәріміз ел болып, халық болып мақтан тұтамыз. Олардың есімдері халқымыздың жадында мәңгі қалады. Бұл мәселе бойынша ешқандай күмән жоқ.

Б. Сатуов