$538.57 €629.48 ₽6.71
×

Қызылордада 7 отбасы тұрып жатқан жатақхана апатты деп танылды

AstanaTV
21.06.2016ж. 20:00
Қызылордада 7 отбасы тұрып жатқан жатақхана апатты деп танылды

Қызылордада 7 отбасы далада қалуы мүмкін. Олар бас сауғалап отырған жатақхана апатты деп танылып, үйді босату туралы қағаз келген. Жетпіс жылдай бұрын салынған көне ғимаратта тұру қауіпті. Бірақ әр кездері елге оралған 30 шақты адамның басқа барар жері жоқ. Ал үйді 15 тамызға дейін босатулары тиіс. Шарипа Сақтапова тарқатады.

Урлайым Назарова 2002 жылы Ресейден көшіп келген. Десе де әлі күнге баспананың да, жұмыстың мәселесін шеше қоймапты. Бірде аспазшы, бірде құрылысқа, енді бірде көше сыпырушы да болып күн көріп келеді. Айтуынша алғашқы кезде таныстарының саяжайында тұрған. Кейін мына бір алақандай бөлмені көші-қон департаменті уақытша пайдалануға беріпті. Жалғызбасты ананың ұлымен мұнда тұрып жатқанына сегіз жылдан асқан. Енді қайда барарын білмей отыр.

Ұрлайым Назарова:

Үйдін кезегінде мен 10 жылдан бері тұрамын. Он жылдан бері ешқандай жылжымайды. Мен басында 48-ші болғанмын осы үйдің кезегінде. Қазіргі таңда 893-ші боп тұрмын. Артқа кетіп қалдым мен.

Барар жерім жоқ деген отбасының тағы бірі - алты баласы бар Нұргүл Әлжанбаева. Түркіменстаннан қоныс аударған отбасы, баларының барлығы Қызылордада туылғанын айтады. 11 жыл бұрын пәтердің кезегінде он бірінші болып тіркелгенімен, қазір 161-ші болып тұрғанын жеткізді.

Нұргүл Әлжанбаева:

Алты баламен мені ешкім пәтерге алмайды. Баратын жеріміз жоқ. Күйеуімде жұмыс та жоқ. Олда ел тентіреп жұмыс іздеп жүр.

Тұрып келген жатақханалары бір кезде көші-қон департаментінің балансында болған. Кейін ғимарат еңбек, әлеуметтік және көші-қон комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне өткен. Сол кездегі басшылық ғимаратты оралмандарға жекешелендіруге бергісі келген. Бірақ 2010 жылы мамандар жатақхананың апатты жағдайда тұрғаны туралы қорытынды шығарыпты.

Смат Сейдахметов, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің заңгері:

Сол кезде қайтадан қорытынды шығарып берді: үй жарамсыз, апаттық жағдайда, әрі қарай құлату керек деп, сондай қорытынды шығарып берген. Негізі жергілікті атқарушы органдар жауап беру керек бұл азаматтарға. Біз берген мерзіміміз - 15 тамыз. Ары қарай сот тәртібімен.

Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы болса, оралмандардың мәселесімен көші-қон департаменті айналасуы керек деп қысқа қайырды.

Ерлан Бердібаев, Қызылорда қ. тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

Азаматтар заңдылыққа сәйкес тіркелгендері кезектерімен үйлерін алады. Ал енді тіркелмегендерімен жаңағы көші-қон департаменті айналысатын шығар.

Жергілікті билік өкілдері, бұл мәселеге кім жауапты екенін өзара шеше алмады. Ал, барар жер, басар тауы жоқ тұрғындар үйден шықпауға бекініп отыр.

Шарипа САҚТАПОВА