$487.37 €532.94 ₽5.09
×

Ұшақ апатынан қаза тапқан шекарашылардың отбасылары заңды өтемақыларын ала-алмай жүр

AstanaTV
15.04.2016ж. 20:00
1639
Ұшақ апатынан қаза тапқан шекарашылардың отбасылары заңды өтемақыларын ала-алмай жүр

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің ұшақ апатында қаза тапқан әскерилердің отбасы сақтандыру өтемақысын ала алмай жүр. Сақтандыру компаниясынан Шекара қызметінің пайдасына төленген миллиард теңгеден астам ақша республикалық бюджетке аударылып кеткен. Ал Қаржы министрлігінің мамандары жетім-жесірге өтемақы қашан қайтарылады деген сұраққа жауап таппай састы. Алдын ала сот отырысына қатысқан Азамат Алдоңғаровтың материалында.

Бортында жеті экипаж мүшесі мен 19 әскериі бар Шекара қызметінің ұшағы 2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында құлаған еді. Содан бері 4 жыл өтсе де, сот тартысы жалғасып келеді. Асыраушыларынан айырылғандар мемлекеттен әлеуметтік жәрдемді толық алған. Алайда, шекара қызметі мен сақтандыру компаниясы арасында жасалған келісімге сай әрбір отбасыға төленуі тиіс 57 миллион теңгеден астам ақша иесіне жетпей отыр.

Марат Қабдуллин, адвокат:

Алматы қаласының мамандандырылған экономикалық сотының шешімімен сақтандыру компаниясынан шекара қызметінің пайдасына 1 миллиард 84 миллион теңге аударылды. Әрі қарай ол жәбірленушілерге төленуі тиіс еді. Алайда түрлі себептермен, біресе ақша жоқ, біресе өтемақыны төлеу механизмі жоқ деген себептермен отбасылар ол ақшаны әлі ала алмай отыр.

Қаржы министрлігі Шекара қызметінен өз шотына 1 миллиард 84 миллион теңге ақша аударылғанын жасырмайды. Бірақ бүгін сотқа министрлік атынан келген заңгер ол ақша қызметте жүріп қаза тапқан әскерилердің отбасыларына тиесілі ме, жоқ па деген сұраққа мардымды жауап бере алмады. Заңгердің сөзінше, қомақты қаражат республикалық бюджетке аударылып кеткен. Енді ол бюджеттің қосымша қорынан өндірілуі мүмкін деп болжайды.

Мағауия Елемесов, адвокат:

Ұшақ апатының салдары бюджеттің қосымша қорының есебінен жабылуы екіталай. Егер де мүлдем ақша болмай немесе табиғи апат сияқты жағдай болса - бір жөн. Ал бұл жерде сақтандыру ақшасы бар, бірақ неге екені белгісіз республикалық бюджетке араласып кетіп отыр.

Бұл мәселенің нүктесін келесі сот отырысына шақыртылатын Қаржы министрлігінің құзырлы қаржыгері қоюы мүмкін. Ол кезде жауап берушілердің де қатары көбеюі бек мүмкін. Адвокаттар бүгін судьяға Шекара қызметін жауап беруші ретінде сотқа тарту туралы шағым тастады. Ол дүйсенбіде белгілі болады. Ұзақ тартыстан шаршаған жәбірленушілер істің ақпарат беттеріне жарияланғаннан кейін ғана өліара нүктеден қозғалғанын айтты.

Айнұр Закарьянова, жәбірленуші:

Менің қызым 11 сынып бітіреді. Оқуға түседі. Қазір, өздеріңіз білесіздер, қиын - 600-700 мың жылына. Қалай оқытамын жалғыз өзім? Соны да ойластырып жатырмыз. Ол тек балалардың оқуына. Өсуіне керек. Ол бала ауырмайды ма? Оқымайды ма, киінбейді ме, тамақ жемей ме? Мен 90 мың теңге аламын, қалай төрт баланы асыраймын?

Төрт жылға жыр болған істің соңғы нүктесі қашан қойылатыны белгісіз. Келесі сот отырысы дүйсенбіде.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ