Бірқатар лауазымды тұлғалар қызметінен кетті. Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары Самат Әбіш Президент өкімімен босатылды. «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының төрағасы Тимур Құлыбаев өз еркімен кетуге шешім қабылдаған. Ал, Павлодар облыстық полиция департаментінің бастығы болған Нұрлан Мәсімовте қызметінен кетті.
Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:
Жаңа жұмыс аптасы қазақстандықтар үшін тосын жаңалықтармен басталды. Енді ретімен тоқталсақ. "Кетті" деп, артынша "демалыста екен" деп шулаған Самат Әбіш, ақыры Президенттің пәрменімен жоғары лауазымынан босатылды. Ол бұл қызметке 2015 жылдың желтоқсанында келген еді. Еске салайық, 6-шы қаңтарда Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің төрағасы болған Кәрім Мәсімовте шенеунік шенінен айрылған болатын. Ол "мемлекетке опасыздық жасады", "Билікті басып алуға әрекет етті" деген күдікке ілігіп, тергеу абақтысына қамалды. Көп ұзамай оның екі бірдей орынбасары да жұмыстан қуылып, тергеуге алынғаны белгілі.
Нұрлан Мәсімов бүгін Павлодар облыстық полиция департаментінің бастығы қызметінен кетті. 3 жыл осы қызметті атқарған ол, құқық қорғау саласына 1999 жылы келген.
ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен Мәсімов Нұрлан Мырзаханұлы жазған баянатына сәйкес Павлодар облысы ПД бастығы қызметінен босатылды.
Тағы бір елең етерлік жаңалық, Тимур Құлыбаевтың «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы Президумының төрағасы қызметімен қош айтысуы болды. Ол бұл лауазымнан өз еркімен бас тартқан. Арнайы үндеуінде Тимур Құлыбаев 8 жыл ішінде атқарған жұмысына есеп беріп, әріптестеріне алғысын да білдіріпті.
Тимур ҚҰЛЫБАЕВ:
Сегіз жыл бойы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ең жоғарғы бақылаушы органын басқару мен үшін үлкен мәртебе. Ерекше алғысымды «Атамекеннің» үлкен ұжымына білдіремін.
Дейтұрғанмен Тимур Құлыбаев Ұлттық Олимпияда комитеті президенті лауазымында қалып отыр.
Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:
Ал бос қалған жоғары лауазымды орындарға кімдердің жайғасары белгісіз. Әзірше үш бірдей орын бос тұр.
Ө. Қуанар