Ақтөбе облысында толғақ қысқан әйелді әкеле жатқан дәрігерлер, қар құрсауында қалып қалды. Жедел жәрдемге құтқарушылар жұмылдырылды. Демалыс күндері елдің басым бөлігінде ауа райы қолайсыздық тудырды. Кей өңірлерде көк мұздан жол апаттары жиіледі, енді бірқатарында боран соғып жолдар жабылды. Боранды күні жолға шығып, далада қалған жандар жайлы келесі бейнематериалда.
Дәрігерлер Қарғалы ауданы, Бадамша ауылына жақын елді мекендердің бірінен толғақ қысқан әйелді әкеле жатып, боранға тап болған. Машина қар құрсауында қалып, тұрып қалған. Абырой болғанда құтқарушылар көмекке келді.
Нұрбек ОРАЛБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Қарғалы аудандық бөлімнен 1 бірлік техника және жеке құрамнан 4 адам шыққан болатын. Барлығы жедел жәрдем көлігін қар құрсауынан шығарып, белгіленген уақытта босанғалы жатқан әйелге жеткен.
Ақтөбе облысында демалыс күндері боран тұрып, республикалық және облыстық маңызы бар 12 жол жабылды. Тіпті төтенше жағдайлар департаментінің ескертуіне құлақ аспай, жолға шығып кеткен тұрғындар бар. Мысалы, Хромтау ауданында 5 көлік боранды күні адасып, жолдан шығып кеткен.
Тоңып қалған 29 адам, оның ішінде төрт баланы құтқарушылар жылы көлікке отырғызып, шығарып салды. Ырғыз ауданында бес адам отырған бір көлік қардың құрсауынан шығарылды. Ал, Мәртөк ауданында малын іздеп шығып, адасып кеткен тұрғын аман-сау табылды.
Таспа авторы бұл - "Қарағанды-Нұр-Сұлтан" тас жолында болғанын айтады. Қатты жел фураны аударып тастай жаздаған. Видеода жүк көлігінің боранға төтеп бере алмай, бір жағына қарай жылжып бара жатқаны байқалады.
Сол сияқты, демалыста Солтүстік Қазақстан облысында қалың қар түсіп, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан өңірлерінде екпінді желмен қатар көктайғақ болды. Қазгидромет орталығы алдағы күндері елдің Солтүстігінде аяз күшейетінін хабарлады.
Гүлвира СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:
Бүгін таңертең боран басылып, Ақтөбедегі барлық жолдар ашылды. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, алдағы күндері аймақта күн шайдай ашық болады деп болжанып отыр.
Г. Сейтенова