Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Ақтөбеде 6-сынып оқушысы апасы телефонын тартып алғаны үшін өзіне қол жұмсады

Ақтөбеде 6-сынып оқушысы апасы телефонын тартып алғаны үшін өзіне қол жұмсады

Ақтөбе облысының Темір ауданы Шұбарши ауылында орын алған оқушының әрекеті, қалың көпшілікке ой салды. Туған апасына ренжіп, өзіне пышақ тығып алғанын түсіне алар емес. Келеңсіз оқиғаны аудандық білім бөлімі басшылығы растады. Жеткіншек қазір аудандық ауруханада ем алып жатыр.

Гүлвира СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:

Темір аудандық білім бөлімі басшысының айтуынша, оқыс жағдайға отбасылық жанжал себеп болған. Жарақат алған оқушы Шұбарши орта мектебінің алтыншы сыныбында оқиды. Оның үлкен апасы, сіңілісіне телефоныңда таста деп ескерту жасаған.  

 
Жұмагерей НАУРЫЗҒАЛИ, ТЕМІР АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
 
Апасы сіңлісіне сабақ оқу туралы айтып, телефонын алып қойған. Бала соған жауап ретінде осылай жасаған. Өзіне пышақ сұғып алған дейді, ішіне. Дәрігерлермен барып сөйлестім, 1 см тілік болды дейді.

Абырой болғанда жасөспірімнің өміріне төнген қауіп сейілі. Қазір аудандық ауруханада жатыр. Дәрігерлер ота жасалғанын айтты, жағдайы бірқалыпты деп бағалауда. Отбасында төрт қыздың ең кішісі, сабақ үлгерімі жақсы екен. Отбасының әлеуметтік жағдайы да  жаман емес. Ата-анасы кәсіпкерлікпен айналысады, дейді аудандық білім бөлімінің басшысы. Оқушылардың әлеуметтік желіге , агрессивті ойындарға қаншалықты әуестігін анықтау үшін қазір аталған мектепте психолог мамандар жұмыс бастаған. Ал, психолог Арайлым Амангелдіқызы жасөспірімдердің бұндай қадамға баруына ересектердің әрекеті себеп дейді.
 
Арайлым АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ, ПСИХОЛОГ:

Телефонға үйірлік дегеніміз бұның бәрі біздің ересектердің қолында тұрған ереже. Мысалы біз балаға телефонды ұстама дейміз де, өзіміз ұстаймыз. Тамақ ішіп отырған кезде, болмаса бала қасыңызға келіп, теледидар қарап отырған кезде біз телефонда отырған жағдай болады. Оны барлық ата-ана өтірікке келтіре алмайды. Ол рас дүние. Сондықтан, балаға үлгі болуымыз керек.


Гүлвира СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:

Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл оқиғаға қатысты Қылмыстық Кодексінің 105-ші «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша іс қозғалғанын хабарлады.

Г. Сейтенова