Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Қарағанды облысындағы науқастардың сібір жарасын жұқтырғаны расталды

AstanaTV
22.06.2016ж. 20:00
2173
Қарағанды облысындағы науқастардың сібір жарасын жұқтырғаны расталды

Қарағанды облысында сібір жарасы белгілері бар тағы бір адам ауруханаға жеткізілді. Осылайша індетті жұқтыруы мүмкін науқастардың саны 7 адамға жетті. Ал бүгін ауру тараған Еркіндік ауылында төтенше жағдай жарияланды. Облыстық санитарлық эпидемиологиялық қызмет мамандары алынған сынамаларды тексеріп, дерттің сібір жарасы екені расталған. Бүгінде елді мекенде жедел топ құрылып, жұмысқа кірісті. Бұл жайында бүгін Қарағандыда өткен баспасөз маслихатында белгілі болды.

Марат Мұхтаров, ҚР АШМ ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті Қарағанды облыстық  инспекциясының жетекшісі:

Малдың иесі жаңағы малды ветеринардың рұқсатынсыз сойып қойған. Біздің ветеринарлық бақылау комитетінен мамандар келді. Облыстық инспекция бар. Қызметтік тексеріс жүргізіп жатыр. Дегенмен де алдын ала профилактикалық шаралар болады.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, сібір жарасын жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жеткізілген екі адам қайтыс болған еді. Ал олармен қарым-қатынаста болған 62 тұрғын дәрігерлердің бақылауына алынған. Оның 21-і бала. Эпидемиологтар індеттің сойылған сиырдан тарағанын анықтапты. Әзір басқа малдардан ауру белгілері байқалмаған. Мамандар сойылған малға инфекция топырақтан жұғуы мүмкін деп болжап отыр. Өйткені өңірдің шалғай ауылдарында сібір жарасының 16 стационарлық ошағы бар.

Соңғы рет бұл ауру белгілері Ұлытау ауданында 1988 жылы тіркелген. Инфекцияның 100 жыл бойы сақталатынын ескерсек, малдың табиғи жағдайда жұқтыруы әбден мүмкін,- дейді мамандар.

Саят Мусин, Қарағанды облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары:

Еркіндік ауылында төтенше жағдай ережесі жарияланды. Ол ауылға барлық ветеринария ережелеріне сәйкес кіру-шығу жоқ. Ет, сүт өнімдерін шығаруға тыйым салынған.

Сонымен қатар, ветеринардың рұқсатынсыз мал сойып, етін таратып үлгерген ауыл тұрғынына қатысты ветеринарлық қағидаларды бұзу бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеп, тексеру жүріп жатыр. Мұнымен қоса эпидемияға қарсы арнайы отряд ауыл шекарасын қатаң күзетке алған. 15 күнге дейін ауылдан ары-бері қатынауға тыйым салынды.

Айжан ҚУАШ