$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Ақтауда жетінші қабаттан құлаған бала аман қалды

AstanaTV
22.06.2016ж. 20:00
1932
Ақтауда жетінші қабаттан құлаған бала аман қалды

Періштесі қақты. Ақтауда жетінші қабаттан құлаған бала аман қалды. Белгілі болғандай, бүлдіршін терезе алдында ойнап отырып, құлап кеткен. Ол үйдің қабырғасындағы темір торға түскен. Бағына орай, бала тордағы тесікке емес, жанына келіп құлаған. Шырылдаған баланың дауысын бірінші болып пәтер иелері кооперативі қызметкерлері естіп, төменге түсірген. Жедел ауруханаға жеткізілген жеткіншек жарақат алғанымен, бастысы өміріне қауіп төнбеген.

Айта кетсек, тұрғындарды қар мен мұздан қорғауға арналған құрылғы осымен осы үйдегі екінші баланың өмірін аман алып қалған. Өткен жылы тағы бір бала үшінші қабаттан құлаған екен. Ал жетінші қабаттан құлаған бүлдіршін қазір жансақтау бөлімінде жатыр.

Құрман Қайранов, облыстық балалар ауруханасы травматология бөлімінің меңгерушісі:

Бала жансақтау бөліміне жатқызылып, аппаратқа қосылған. Бүлдіршіннің бас миы, сол жақ жіліншік сүйегі сынған және тағы да жарақаттары бар. Қазір жағдайы қалыпты. Біздің тәжірбиемізде 7 қабаттан құлап, аман қалған жағдай бірінші рет кездесіп отыр.