Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Алматыда қоқыс төлемақысына байланысты дау туындады

AstanaTV
22.06.2016ж. 20:00
2062
Алматыда қоқыс төлемақысына байланысты дау туындады

Алматыда қоқыс төлемақысына байланысты дау туындады. Алатау ауданының тұрғындарына қоқыс үшін екі түбіртек келген. Бірінде тұрғындардың тұрмыстық қалдықтар үшін қомақты берешегі көрсетіліпті. Ал енді бірі - өздері заңды келісімшартқа отырған жеке кәсіпкерлікке күл-қоқысты шығару үшін қаражат төлеп келген. Тұрғындар енді орта жолдан қосылған жеке кәсіпкерлерге коммуналдық қызмет үшін ақы төлеуге наразы. Мәселені әріптесім Айгүл Ермахан анықтап көрді.

Ұлжан ықшамауданының тұрғыны Алмагүл Аутова қоқыс шығару үшін ақыны үш жылдан бері «Қарлығаш» жеке кәсіпкерлігіне төлеп келгенін айтады. Енді түбіртектегі «Құттыбеков» жеке кәсіпкерлігі артып қойған берешекті көріп, түсінбей дал. 

Алмагүл Аутова:

Биылғы январьдан бастап мына газдың қағазымен бірге, бізге қарызсың мусорға деп келеді ИП «Құттыбеков». Бірақ ол кісілер бізден келіп, не мусор алмайды, не олармен біз келісімшартқа отырған жоқпыз. Келісімшарт жоқ ортада.

Бұған дейін күл-қоқысты шығарумен жеке кәсіпкер «Қарлығаш» айналысып келіпті. Аталған ұйым бастапқыда тендерді ұтып алған «Құттыбеков» жеке кәсіпкерлігіне қосалқы мердігер ретінде тіркелген. Бірақ биыл олардың арасында түсінбеушілік туындап, екі жеке кәсіпкерліктің ортасындағы келісімшарт бұзылған.

Қарлығаш Назарбекова, «Қарлығаш» жеке кәсіпкерлігінің өкілі:

Маған субподрядчик қылып, договор жасап берді. Содан жұмысымды істеп келе жатырмын. Халқымнан ешқандай нарушение жоқ. Көшем таза. Жұмысым орнында. 2016 февраль айының ортасында келді де, ИП «Құттыбеков» маған телефон шалды. Сіз енді істемейсіз, сіздің орыныңызды Айтқожановқа береді деді.

Қайнар Құттыбеков, «Құттыбеков» жеке кәсіпкерлігінің өкілі:

Жұмыс кестесі болу керек. Оны барып экологиямен келісу керек еді. Ол жоқ екі. Спецтехника жоқ, үш. Бір ЗИЛ бар. Күніне 10 рет  бұзылады. Үлгермейді. Осы жылдан бастап біз договорды расторжение жасадық. Официально хат жібердік ИП «Қарлығашқа». Қарлығаш  игнорировать етті хатымызды қабылдамай, үндемей жұмыс істей берді.

Екі жеке кәсіпкерліктің арасындағы дау-дамайды Алатау ауданы әкімдігінің атқамінерлері білетін болып шықты. Бірақ мәселені шешуге асықпаған сыңайлы.

Айжан Бауыржанова, Алатау ауданы әкімдігі  абаттандыру бөлімінің бас маманы:

Осы жылдан бастап «Құттыбеков» жеке кәсіпкерлігі өздерінің жеке жұмыс істейтінін ескертті. Бас мердігер  жұмысын жалғастыратын болады. Бұған дейін заңсыз жиналған төлемақылар халыққа қайтарылады, болмаса келесі айдың берешегіне жатқызылады. Бұл жағынан барлығын қадағалайтын боламыз.

Ал тұрғындар мәселе тез арада шешілмесе, қала әкіміне шағымданбақ.

Айгүл ЕРМАХАН