Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Ақтөбедегі медицина университетінің жатақханасынан өрт шықты

AstanaTV
25.01.2022ж. 20:00
832
Ақтөбедегі медицина университетінің жатақханасынан өрт шықты

Ақтөбедегі медицина университетінің шетеолдік студенттер тұратын жатақханасынан өрт шықты. Қою түтін лезде басқа бөлмелерге таралып, жатақханадан жүзден астам студент эвакуацияланды. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Бірақ 77 студенттің бөлмесіне залал келді. Ал, бір бөлме күлге айналған.

Гүлвира СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:

Медицина университетінің жатақханасында тұратын студенттер үшін бүгінгі таң дүрбелеңнен басталды. Үшінші қабаттағы бөлмелердің бірінде тоңазытқыш өртенген.

Куәгерлердің айтуынша, қызыл жалын тез таралып, бүкіл ғимаратты көк түтін басты.

Қаныбек САРИЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД КҮШТЕР МЕН ҚҰРАЛДАРДЫ ЖЕДЕЛ БАСҚАРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Оқиға орнына келген кезде жатақхана терезелерінен қалың түтін шығып тұрғаны анықталды. Өрт сөндірушілер адамдарды шұғыл эвакуациялауға кірісті. Жатақхана баспалдақ марштары, жылжымалы саты және автосаты арқылы құтқарушылар 39 шетел азаматын құтқарып, 131 адамды эвакуациялады, оның ішінде 105 шетелдік азамат.

Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының алдын-ала есебі бойынша өрт аумағы 16 шаршы метр. Тоңазытқыштың не себепті жанғаны әлі белгісіз. Оны арнайы мамандар анықтамақ. Университет басшыларының айтуынша, 400 орындық жатақханада 257 шетелдік студент тұрып келген. Олардың басым бөлігі – Үндістаннан келген жастар, дейді.  

Ерболат ІЗТІЛЕУОВ, М.ОСПАНОВ АТЫНДАҒЫ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДЕКАНЫ:

Студенттердің бәрі жатақханаға оралды. Заттары түгел. Ешкім зардап шеккен жоқ. Өртенген бөлмені жөндеуді бастап кеттік. Терезесі алмастырылды. Су, газ, электр, жылыту жүйелері толығымен қалпына келтірілді. Өрттен 2-3 қабаттағы бөлмелер бүлінген еді. Үшінші қабатта ыстың иісі шығып тұр. Ал, екінші қабатты су басты.


Гүлвира СЕЙТЕНОВА, ТІЛШІ:

Дегенмен, от пен судан 77 студенттің жатар орны бүлінген. Олардың алтауы басқа жатақханаға көшуге тілек білдірген. Қалғаны қарсы қанаттағы бөлмелерге жайғастырылыпты.

Г. Сейтенова