Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Түркістан облысында өндірістік жарақат алған жігіт өтемақы ала алмай жүр

AstanaTV
25.01.2022ж. 20:00
1016
Түркістан облысында өндірістік жарақат алған жігіт өтемақы ала алмай жүр

Түркістан облысының тумасы Ерболат Ескендіров әділдік іздеп, арнамызға хабарласты.  Сайрам ауданының 22 жастағы тұрғыны  былтыр жұмыс орнында өндірістік жарақат алған.  Содан бері зауыт тарапынан тиісті өтемақы берілмей жүр дейді. Еңбек инспекциясы тексеру жүргізген. Оның қорытындысы қандай? Әріптесім Айзада Төребекқызы баяндайды.

Денесінің 25 пайызы күйіп қалған Ерболат Ескендіровтің қазіргі халі біршама тәуір көрінгенмен жұмыс істеуге жарамайды. Жас жігіттің әсіресе екі қолы күйіктен соң икемге келуі қиындаған.    

Ерболат ЕСКЕНДІРОВ:
 
Мынау бүгілмейді. Мынау екеуі  тартылып қалған, ашылмайды. Ең бастысы осы қолды жөндеп жақсы істейтіндей қылып берсе. Мұндай қолмен жұмыста істей алмайсың.

Айтуынша Ерболат мұнай өнімдерін өңдейтін серіктестікте жанар-жағармайды құйып-төгуші болып жұмыс істеген. Былтыр 20-қыркүйекте цистернада өрт шығып, бір өлімнен қалған. Аурухана төсегіне бір ай таңылған жас жігіттің анасы да жұмыс берушілердің әрекетін түсіне алмай жүр.  

Гүлшат АЙКАШОВА, ЕРБОЛАТТЫҢ АНАСЫ:

Қанат деген бала келді Алматыданмын деп ол айтты. Мен осыны естіп срочны келіп отырмын деді қазір тура осы жақа келдім деді. Бұл зауытты деді Назарбаевтың күйеу баласы Құлыбаевтікі деді.Ештеңе қыла алмайсыңдар деді. Врачқа бересіз ба, мазь алып бересіз ба, тамағын алып бересіз ба міне осы 150 мың деді да қолыма ұстатты да кетті. Сол кеткеннен мол кетті.

Тіпті зауыттағылар тиісті өтемақы беруге де құлықсыз дейді. Айтуларынша, еңбек инспекциясы апат туындауына жас жігіттің де кінәсі бар деп қорытынды шығарған көрінеді. Еңбек инспекциясының өкілі бізге телефон арқылы берген жауабында өндірісте жарақат алған жас жігіт дәл сол жұмысында арнайы нұсқаулықпен таныспағаны үшін кінәлі екенін айтты. Ерболат сол үшін жұмысқа кірісуден бас тартуға құқылы еді деген маман, сұқбат беруді қажет деп таппады. Айта кетейін, «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойынша тіркелген бұл істі бүгінде полиция тексеріп жатыр.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ:

Өз кезегінде еңбек инспекциясы екі тарапқа да 50х50 (50 пайыз жұмыс беруші мен 50 пайыз жұмысшының кінәсі) деген қорытынды жасап берген. Сондықтан бұл қорытындыға қанағаттанбаған тергеушілер, қайтадан кешенді зерттеу жұмыстарын тағайындады. Полицейлермен қажетті деген шаралардың барлығы атқарылуда. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.
 
Ал зауыттағыларға артылған кінә жұмысшылардың арнайы киіммен қамтылмағаны. Мұны  директор жоққа шығармады. Қыркүйектегі өрт кезінде 40 миллион шығын көрдік деген басшы өндірістік жарақат алған жұмысшыға көмектесуден қашпадық деп отыр.   

Архабай ТУҒАНБЕКОВ, ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Адами тұрғыдан келетін болсақ мен көмектесуден қашқан емеспін. Ата-аналары біледі, қаржылай көмектесуден бас тартқан емеспіз. Көмектестік те.  Ал біздің кінәміз  арнайы киіміміз болмады, уақыты қамтамасыз етілмеген жұмысшыларымыз. Ескі киімдер болды, жоқ емес. Кейбірі өздері тапқан арнайы киімдермен жүрді. Олар талапқа сай ма жоқ па онысын білмедім. Бұл жігіт те өзі тапқанмен киіммен жүрді.

Серіктестік басшысы алдағы уақытта да еміне жәрдем беруден қашпайтынын жеткізді. Әлі күнге жұмыс орны сақталып тұрған жұмысшысының жалақысын 1-ақпанға дейін төлейтінін де айтып қалды. Алайда, осы күнге дейін ауыз толтырып айтарлық көмек көрмедік деп сөзге киліккен жұмысшының анасы, ұлына операция жасатып бергендерін қалайды.
 
А. Төребекқызы