Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Ертеңнен бастап Ақтөбеде жолақы үшін қарастырылған жеңілдіктер алынып тасталмақ

AstanaTV
15.04.2016ж. 20:00
1525
Ертеңнен бастап Ақтөбеде жолақы үшін қарастырылған жеңілдіктер алынып тасталмақ

Ақтөбелік зейнеткерлер мен әлеуметтік аз қамтылған топ өкілдері қоғамдық көліктердегі жеңілдіктен айырылады. Бұл туралы Астана арнасына қалалық мәслихат хатшысы Сұлупан Шынтасова айтты. 2009 жылдан бері зейнеткерлер, мүгедектер, ҰОС ардагерлері мен оларға теңестірілген азаматтар қоғамдық көлікте ақысыз жүріп келген болатын. Енді ҰОС ардагерлері мен жанарынан айырылған мүгедектер ғана қоғамдық көлікте тегін жүре алады.

Бұрын жолаушылар тасымалдаушы мекемелерге қала бюджетінен қаржы бөлінген еді. Ал биыл бұл бағытқа субсидия бөлуді тоқтату туралы шешім қабылданды. Ал әлжуаз топтарға жол ақысы ретінде қосымша көмек белгілі бір мерекелерге орай берілмек. Бірақ бір жолғы көмек алатын тізім шектеулі ғана.

Сұлупан Шынтасова, Ақтөбе қалалық мәслихатының хатшысы:

Әлеуметтік көмекті зейнетақысы 37 мың теңгеден төмен болатын зейнеткерлерге беру туралы шешім қабылданды. Және бұл тізімде 4 және одан да көп баласы бар аналар да бар. Бірақ олардың балалары орта немесе жоғары оқу орнында білім алып жүрсе ғана. Олар да жылына 24 мың теңгеден алады.

Қалалық мәслихат хатшысы жергілікті бюджеттен жылына шамамен 1 млрд теңгеден астам қаражат әлеуметтік көмекке жұмсалатындығын айтты. Оның ішінде биыл жол ақысын өтеуге берілетін бір жолғы көмекке 300 млн теңге қарастырылған.

Естеріңізге салайық, Ақтөбеде бірқатар жолаушылардың жеңілдіктері алынып тасталады деген ақпарат өткен жылдың күзінде айтылған болатын. Алғашында мәслихат депутаттары әрбір зейнеткерге айына 1200 теңгеден төлеп тұруды ұйғарды. Бірақ бұл бастаманы әділет департаменті қолдамаған еді.

Мансұр ЕСҚОЖИН