Алматылықтар үй астындағы қоғамдық тамақтану орындарына қарсы шықты. Мейрамхана, сауна, түңгі клуб сынды мекемелер тынышымызды қашырды дейді жұрт. Кәсіп иелеріне жергілікті атқарушылар шара қолданса деп отыр.
Қала тұрғыны Анар Жиенбекова көпқабатты үйлердің бірінде орналасқан пәтерде тұрады. Келіншек нысанның бірінші қабатында орналасқан дәмхананың иісі пен түнгі шуынан шаршаған. Айтуынша ол бұл орын тұрғындардың рұқсатынсыз ашылған дейді.
Анар ЖИЕНБЕКОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Біздің астыңғы қабатта 2 кондитерлік дүкен мен кофехана, сырахана сынды орындар бар. Неше түрлі иіс үйімізге кіреді. Түрлі адамда ауламызда жүреді. Түндегі шуды айтсаңшы, берекемізді алып, мазамызды қашырып бітті.
Түнгі ұйқыдан тыныштық кетті деген жанның бірі Оксана Плотицына. Оның үйінің ғимаратына жапсарлас сауна салынған.
Оксана ПЛОТИЦЫНА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Қазіргі таңда біздің үйімізге қауіп төніп тұр. Сауна қожайындары жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деп қабырғаларымызды құлата жаздады. Бұған кім қалай рұқсат берген. Оларды тексеретін біреу бар ма?
Тұрғындардың шағымынан кейін қазір қаладағы көп қабатты үйлердің астында орналасқан 30 дан астам тамақтану орыны тексеріліп жатыр.
Әміржан НӘБИЕВ, “NUR OTAN” ПАРТИЯСЫ АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ПАРТИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
30-дан астам үйдің мүддесін қорғап біздің партиямызға тұрғын келді. Олардың мәселесін бірден талқылап, тексеріс жұмыстарын қолға алдық. Бүгін халықпен онлайн режимде жиналыста өткіздік.
Арнайы мониторингтік топ құрамында тұрғын үй инспекциясы, төтенше жағдайлар департаменті мамандары, полиция қызметкерлері бар. Олар шаһардағы барлық осындай бизнес нысандарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізбек.
Ә. Лесбек