$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қазақстанда аутизммен ауыратын балалар 5 есе көбейген

AstanaTV
04.02.2022ж. 20:00
2788
Қазақстанда аутизммен ауыратын балалар 5 есе көбейген

Ел ішінде аутизммен ауыратын балалар саны 5 есеге көбейген. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, осыдан 5 жыл бұрын аутизм диагнозы қойылған баланың саны 220 болса, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 1200-ге жуықтаған. Дегенмен жауаптылар аутизммен ауыратын баласының бар екенін жасыратын ата-аналардың да бар екенін жасырмайды. Сондықтан бұл статистика ресми көрсеткіштен бірнеше есе көп болуы да бек мүмкін.

Жылдар бойы аутизммен күресіп келе жатқан елордалық аналардың бірі Жанна Қалиева дертке ақыры мойынсынғанын айтады.  Оның14 жастағы қызына аутизм диагнозы 2 жасында қойылыпты. Айтуынша, бала 2 жарым жасқа дейін өте ақылдылығымен ерекшеленген. Тілі ерте шығып, 2 жасында әріп таныған. Дегенмен, аяқ асты бала білгеннің бәрін ұмытып қалған. Сол кезден бастап,  аутизм терминімен таныстым дейді.

Жанна ҚАЛИЕВА, АТА-АНА:

Ол кішкентай кезінде мамандар аз болатын. Қазақстанда мүлдем болмады десем де артық болмас. Сондықтан оқуға тура келді. Алғашында тек қызым үшін оқыдым, ал қазір бұл мамандығымның, кәсібімнің мәні деп білемін.


Дерттен жазылмайтынын білсем де, қызының жағдайын едәуір жақсарттым дейді ол. Қазір өзі сияқты тағдырлас аналарға көмек беріп жүр. Оның мәліметінше, баласының дертін жасыратын аналар өте көп.

Жанна ҚАЛИЕВА, АТА-АНА:

Мен оларды түсінем, бұл айтарлықтай қиын жағдай. Мен оқыған зерттеуде аутизммен ауыратын балалардың ата-анасының күйзелісін жақын адамының өлімімен бірдей деп санауға болады делінген. Сондықтан олар жария болғысы келмейді. Оған іштей дайын болмауы себеп болып жатады. Мұндай аналар бізе келіп тұрады.

Министрлік аутизммен ауыратындар саны артқанына алаңдаулы. Қазір дертті ерте жастан анықтауға арналған құрал жабдықтар да жетілген. Сондықтан, статистика бірден өсті дейді. Ал, ауруын жасыру ол өз кезегінде кеселдің асқынуға әкеледі деп мәлімдейді.

Айгүл ӘБЕТОВА, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ БІЛІМ БЕРУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Осы аутизммен диагнозы қойылған балалардың көлемі көбейді. Аутизммен ауыратын балаларға көмек көрсетуді біздің елімізде әлі дамыту керек әрі қарай. Шынында, осындай балалар аз болғандықтан, онша көңіл бөлінбеген деп ойлаймын.

Дәрігер бұл дерттің алдын алу мүмкін емес дейді. Себебі, әлемде аутизм толық зерттелмеген. Тіпті ерлі-зайыптылардың биологиялық сәйкестігі мінсіз болса да, нәресте дертпен тууы мүмкін дейді.
 
Татьяна ДЕГТЬЯРОВА, БАЛАЛАР ПСИХИАТРЫ:

Ешбір ерлі-зайыпты бұл дерттің алдын ала алмайды. Өйткені, бұл түбегейлі зерттеліп бітпеген. Дәл осы ананың немесе әкенің баласы аутизммен ауырады деп алдын ала болжау және оның алдын алу мүмкін емес. Аутистикалық бұзылулардың өзі өте гетерогенді топ боп саналады, яғни ол әртүрлі адамдарда әртүрлі көрінеді.

Динара ЖАРҚЫНБЕК, ТІЛШІ:

Мамандардың айтуынша, Аутизм диагнозы бар балалармен уақытылы жұмыс істеу маңызды. Ерте бастан оның сана-сезімінің дамуына ықпал етсе олардың қатардағы азаматтардан айырмашылығы болмайды. Дегенмен, болашақ ата-аналар өздерінің денсаулығына, өмір салтына мұқият болғаны абзал деп кеңес береді.

Д. Жарқынбек