Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Олимпиада 2022: Қазақстан қоржынына медаль түскен жоқ

AstanaTV
07.02.2022ж. 20:00
801
Олимпиада 2022: Қазақстан қоржынына медаль түскен жоқ

Кеш жарық, Әділет! Өкінішке қарай, әзірге спортшыларымыз ешқандай жүлдеге ілікпеді. Десе де, медаль болады деген үмітіміз   бар. Жарыстың бүгінгі қорытындысы сәлден соң.

Бүгін -Бейжің олимпиадасының төртінші күні.   Қазақстан ұлттық құрамасы үшін әзір жұлдызды сәт туған жоқ.    5 ақпанда атлеттеріміз спорттың 5 түрі бойынша бақ сынады.  Трамплиннен секіру бойынша жарыс жолына шыққан Сергей Ткаченко мен Данил Васильев іріктеу кезеңін жақсы  бастады. Квалификация ережесіне сәйкес балл жинап финалдық кезеңге жолдама алды.

Сондай-ақ, дәл осы күні шаңғы жарысынан әйелдер арасында скиатлон бойынша дода өтті. Өкінішке қарай, елдің намысын қорғаған 4   спортшымыз жүлдегерлер қатарынан көріне алмады. Олар 48 және 58-інші орындарға ие болды.

Конькимен жүгіруде әйелдер арасында 3000 метр қашықтықта отандасымыз Надежда Морозова жарыс жолына шықты. Оның уақыты 4 минут 4 секундты құрап жалпы кестенің 13-нші сатысына жайғасты.

Фристайл-могулда өнер көрсеткен Павел Колмоков пен Дмитрий Рейхерд те медальсіз қалды. Ардагер спортшымыз финалдық кезеңнің 2-нші сынынан әрі аса алмады. Яғни үздік алтылыққа енген жоқ. Жарыс күнін шорт-трекшілер қорытындылады. Ерлер арасында 1000 метр қашықтықта жарыс жолына шыққан Әділ Ғалиахметов іріктеу кезеңінен  өте алмады. Ал, командалық аралас сайыста спортшыларымыз өз рекордтарын жаңартты. Қарсылас командалардың ереже бұзуына байланысты үздік 5-тікке енді.

 Кеше трамплиннен секіру бойынша финалдық кезеңде Қазақстан атынан  2 спортшы бақ сынады. Олар негізгі финалдық кезеңге өте алмады. Нәтижесінде 41 және 46 орындармен аяқтады. Шаңғы жарысынан скиатлон бойынша ерлер құрамасы сынға түсті.  Бірақ, нәтиже көңіл көншітпейді.  Ел қоржынына медаль салады-ау деген үміт фристайл-могулдан әйелдер құрамасында еді. Төрт бұрымды спортшымыз қатысқан сайыста тек Юлия Галышева ғана финалдық кезеңге жолдама алды. Бірақ, ақтық сынға жақындаған сәтте қателік жіберіп, ол жарыс жолынан шығып қалды.

Ал бүгін  атлеттеріміз спорттың екі түрінен бақ сынады. Конькимен жүгіру бойынша  1500 қашықтықта Екатерина Айдова мен Надежда Морозова қатысты.Сайыс қорытындысымен атлеттеріміз 14-нші және 18-нші орынға жайғасты.  Биатлоннан әйелдер арасында 15 шақырымда бақ сынаған отандасымыздың да айы оңынан тумады. Мәре сызығын 44-нші болып кесті.

Сонымен төрткіл дүние көз тіккен бәсекенің бүгінгі нәтижесімен топ басында Швеция тұр. Оларда- 3 алтын. Кестенің екінші сатысына 2 алтын, 2 күміс, 2 қоламен Ресей шықты. Үшінші орында-  Нидерланды. Ал, Қазақстан қоржынына әлі медаль түскен жоқ. Байрақты бәсеке 20 ақпанда аяқталады. Оған дейін қанжығамыз майланар деген үміт бар. Спортшыларымызға  жанкүйер болайық. Әділет, менде бүгінге осы, сөз өзіңде.

А. Данияр