Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

«Алаш айтқан асыл сөз» кітабы жарық көрді

AstanaTV
23.06.2016ж. 20:00
5190
«Алаш айтқан асыл сөз» кітабы жарық көрді

Астанада «Алаш айтқан асыл сөз» кітабының тұсауы кесілді. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай басылған еңбекте Әлихан Бөкейханнан бастап 25 арысымыздың қанатты сөздері мен ой толғамдары топтастырылған. 

Тарихқа есімі алтын әріппен жазылған ардақтылардың аузынан шыққан қастерлі сөздер мен өсиеттерді оқу үшін енді том-том жинақтар мен кітаптарды ақтарудың қажеті жоқ. Ұлттық кітапханада өткен тұсаукесер жиында белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай кітапқа «Ұлтты ұйытқан ұлы сөздер» деп баға берді. Бұл тіркес - алғысөз ретінде еңбекке де енгізілген. Кітап екі бөлімнен тұрады. Алғашқысында қанатты сөздер жинақталса, екіншісінде алаш ардақтыларының біріне-бірі айтқан жылы лебіздері енген. 

Берік Уәли, «Алаш айтқан асыл сөз» кітабы жобасының авторы:

Кеңес үкіметі кезінде, одан кейінгі жылдарда осы Алаш ардақтылары «бірімен бірі араз болыпты, бастары бір қазанға сыймаған екен» деген сияқты сөздерді, пікірлерді біздің ойымызға, санамызға таңып жүргенін біз жақсы білеміз.  Олай емес екенін, Алаш ардақтыларының бірімен бірі идеялас екенін, біріне бірі қалай қолдау көрсеткенін сол тараудағы бір-біріне деген жылы пікірінен көруге болады.

Қалың оқырманға арналған кітап - алғашқы шығарылым ғана. Әзірге 1000 данамен жекелеген демеушілердің қаржыландыруымен басылды. Игі бастама мемлекет тарапынан қолдау тапса, оны толықтырып, әрі таралымын көбейтіп, мектептерге, жоғарғы оқу орындарына тарату жоспарда бар,- деді шығарушылар.