Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Н.Сабильянов: Салықтық декларациялаудың алғашқы кезеңін 2022 жылға дейін шегеру қажет

AstanaTV
23.06.2016ж. 20:00
2147
Н.Сабильянов: Салықтық декларациялаудың алғашқы кезеңін 2022 жылға дейін шегеру қажет

Кірістер мен шығыстарды жаппай салықтық декларациялаудың алғашқы кезеңін 2022 жылға дейін шегеру қажет. Мәжіліс депутаты Нұртай Сәбильянов осындай пікірде. Бүгін ол "Нұр Отан" партиясының Мәжілістегі фракциясының отырысында жобаның шикі тұстарын жіпке тізді. Айтуынша, әзірленген декларацияны толтырудың өзі мұң. Егер мәліметтер дұрыс толтырылмаған жағдайда, бірінші рет азаматтарға ескерту жасалады. Ал екінші мәрте қатеге бой алдырғандар 64 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелмек. Ал айлығы шайлығына жетпей отырған азаматтарға бұл ауыр жүк болатынын ескертті. 

Сондай-ақ декларацияны толтыру үкімет порталы арқылы электронды түрде жүзеге асырылады деп көзделіп отыр. Алайда еліміздегі 5 574 ауылға интернет желісі мүлдем тартылмаған. Ондай кезде тұрғындар "Қазпошта" желісі арқылы декларацияны қолмен толтыруға мәжбүр болады. Бұл өз кезегінде ұзын-сонар кезек тудырады, - дейді Нұртай Сабильянов. Және жазбаша толтырылған құжатты электронды нұсқаға көшіру барысында қателер кетіп жатса, ол үшін кім жауап беретіні де белгісіз,- дейді.  


Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, "Нұр Отан"  фракциясы жетекшісінің орынбасары: 

Сондықтан да кірістер мен шығыстарды жалпыға бірдей декларациялауды енгізудің бірінші кезеңін 2017 жылдан ары қарай 2022 жылға, ал екінші кезеңін 2020 жылдан 2025 жылға дейін, яғни ауылдық мекендерде интернет желісі мен толық қамтамасыз етілгенге дейін ауыстыру қажет деп санаймын.

Шенеуніктер балаларының шетелдегі білімі үшін  жұмсап жатқан қаражаттарын да декларацияласын. Бұл депутат Мұхтар Тінікеевтің ұсынысы. Алайда жобаны таныстырған Қаржы министрінің міндетін атқарушы Ардақ Теңгебаев бұл мүмкін еместігін алға тартты.

Еске салайық, 2017 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енуі тиіс кірістер мен шығыстарды декларациялаудың 1-ші кезеңіне сай мемлекеттік мекеме қызметкерлері, ұлттық компаниялар мен холдингтер, мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері декларация тапсыруға міндеттеледі. Екінші кезеңде 2020 жылға қарай еліміздің барлық жеке тұлғалары декларация тапсырмақ. 

Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА