Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Олимпиада 2022: фристайл-акробатикадан бақ сынаған спортшыларымыз медальсіз қалды

AstanaTV
14.02.2022ж. 20:00
933
Олимпиада 2022: фристайл-акробатикадан бақ сынаған спортшыларымыз медальсіз қалды

Хабарымызды әрі қарай спорт жаңалықтарымен әріптесім Асылбек Данияр жалғастырады. Асылбек, бүгін қандай ақпараттарың бар, спортшылардың қарқыны  қалай?

Кеш жарық, Лаура! Әлі ауыз толтырып айтатындай жетістік жоқ. Кейбір спорт түрлерінен уысымызда тұрған медальден айырылып қалған сәттер  болды. Ол туралы қазір толық айтамын.  

Бүгін -Қытайдағы ХХІV Қысқа Олимпиада ойындарының оныншы күні.  Қазақстан құрамасы бірқатар спорт түрінен жарысты аяқтады. Демалыс күндері спортшыларымыз үшін аса сәтті бола қойған жоқ.

Шаңғы жарысынан әйелдер арасындағы 20 шақырымдағы эстафеталық сайысқа төрт  спортшымыз қатысты. Жарыста 17 команда бақ сынады. Сайыс нәтижесінде отандастарымыз 15-нші сатыдан көрінді. 10 шақырымда жарыс жолына шыққан биатлоншылар да жүлдесіз қалды. Конькимен жүгіруде ерлер арасында 500 метрлік қашықтықта сынға түскен Иван Аржаников 35,82 секунд көрсеткішімен 28-нші орынға ие болды.

Қазақстандық жанкүйерлер кеше ел қоржынына медаль түседі деп үміттенді. Бірақ,  үміт ақталмады. Тау шаңғысында сынға түскен Захар Кучин мәреге жете алмады. Олимпиада басталғалы, бірнеше рет бәсекеге түскен биатлоншы қыз-жігіттер де көңілге қонымды нәтиже көрсетпеді. Қазақстан Туын ұстап шыққан конькиші Екатерина Айдова үздік ондыққа да кірмеді. Шорт-трек шеберлері жүлде салар деп сендік. Ол да болмады. 500 метрде бақ сынаған Әділ Ғалиахметов ширек финалдан әрі аса алмады. Денис Никиша «Б» финалына қатысып, үшінші болып келді. Медальға тек Абзал Әжіғалиев таласты. Ол мәре сызығын төртінші болып кесіп, Олимпиада ойындарын аяқтады.

Бүгін Фристайл акробатикадан Ақмаржан Қалмұрзаева мен Жанбота Алдаберген бақ сынады. Жанбота Алдаберген тиісті балды жинай алмай, жарыстан шығып қалды. Ал, Ақмаржан финалға жолдама алды. Бірақ, спортшымыз шешуші бәсекеде сүрінді. Екінші мүмкіндігінде шаңғының дұрыс орналаспауынан сүрінді. Төрешілер оған тағы бір мүмкіндік берді. Сонда да үздік алтылыққа ілікпеді.

 Енді Ақ Олимпиаданың  бүгінгі қорытындысына қысқаша тоқтала кетсем:  

Норвегия үздіктер көшін бастап тұр. Оларда 9 алтын, 5 күміс, 7 қола бар. Екінші орында - 8 алтын, 5 күміс және 1 қоламен Германия.  Үздік үштікті АҚШ құрамасы түйіндейді.

Бүгінге мендегі бар ақпарат осы. Төрт жылдықтың басты бәсекесінде бақ сынап  жатқан атлеттерімізге сәттілік тілейміз. Отандастарымызға бірге жанкүйер болайық. Лаура, сөз өзіңде.

Рақмет, Асылбек! Ал, біз жаңалықтарымызды жалғастырамыз.

А. Данияр