Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Павлодарда жалақысын даулаған пошташы курьерлер бас көтерді

Павлодарда жалақысын даулаған пошташы курьерлер бас көтерді

Павлодарда жалақысын даулаған пошташы-курьерлер бас көтерді. Айтуларынша, оларды былтырдан бастап «Қазпошта» мекемесі жұмыстан қысқартып, келісім-шарт негізінде қайта жұмысқа қабылдаған. Бастапқыда жалақыларың сол қалпы сақталады - деп келісім шартқа қол қойғызып алғанын айтады. 100 мың теңгеге дейін жалақы алып келгендер, қазір 50 мыңға жан баға алмай қалдық деп отыр.  Амалы таусылған пошташылар «Nur Otan» партиясының облыстық филиалына жүгінді.

Светлана Котова «Қазпошта» мекемесінде курьер болып жұмыс істейді. Еңбек өтілі 20 жылға жуықтаған. Бұған дейін 100 мың теңгеден аса жалақы алып келген оның былтырдан бері еңбекақысы екі есе азайған. Бұған мекемедегі өзгерістер себеп болған. Пошташы болған оны, басшылары курьер қызметіне ауыстырып жіберген.  

Светлана КОТОВА, «ҚАЗПОШТА» ҚЫЗМЕТКЕРІ:
 
Бізге бастықтарымыз жұмыстарың ауысқанмен, еңбекақы сақталады - деп сендірді. Былтыр қыркүйек айынан бастап, курьер болып жұмыс істеп жүрмін. Алайда айлығымыз тым аз. Кей айда 48 мың теңге, кейде 43 мың теңге ғана қолыма алам. Бұл жалақымның ішіне қоғамдық көлікпен жүру шығындарым да кіреді. Ал бұрындары 100 мыңнан астам жалақы алып жүрдім.

Бұл бір ғана пошташының мұңы емес. Павлодар қаласы бойынша 45 пошташы осыған шағымданып отыр. Штаттағы қызметкер болмағандықтан, еңбек демалысы, уақытша жұмысқа жарамсыздығы үшін алатын ақыдан да қағылған.

Ерік ӘЛІПҰЛЫ, "ҚАЗПОШТА" АҚ ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
 
Әр жеткізілімнің өз тарифі бар. Хат жеткіз үшін мынанша теңге. Газет жеткізу үшін мынанша теңге деген. Кім қандай көлемде жеткізілімдер жеткізеді. Сол көлемде ақшасын алып отыр. Бұл жерде бізде осындай пилоттық жоба жүріп жатыр.

Амалы таусылған пошташылар мәселесін айтып, «Nur Otan» партиясының облыстық филиалына жүгінді.   

Илья ТЕРЕНЧЕНКО, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

8 теңге үшін хат- газет жеткізу өте қиын мәселе. Егер ол жаяу аралап, бұл сәлемдемелерді жеткізетін тіптен қиын жұмыс. Сондықтан да біз бұл мәселені өз бақылауымызға алдық. Мәселенің оң шешілуіне ықпал жасайтын боламыз.


Қазпоштағылар пилоттық жоба екенін алға тартып отыр. Енді олар бұл мәселені өз басшыларына жеткізетін айтты. Ал оған дейін пошташылардың мардымсыз жалақыға күн көре тұруына тура келмек.

Ө. Қуанар