Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

«Оқжетпес» лагері демалуға келген балаларды таратуға мәжбүр болды

AstanaTV
24.06.2016ж. 20:00
2449
«Оқжетпес» лагері демалуға келген балаларды таратуға мәжбүр болды

Солтүстік Қазақстан облысында жазғы лагерьге демалуға барған бір топ бала келесі күні үйлеріне қайтуға мәжбүр болды. Аққайың ауданындағы «Оқжетпес» демалыс орны оқушыларды қабылдауға әзір болмай шықты.

Жергілікті тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің мамандары тексеріс жүргізіп, жазғы маусымды ашуға рұқсат бермеген. Биылдан бастап күшіне енген санитарлық талаптарға сай, көптеген лагерлердің ашылуы екі талай екенін бұған дейінгі жаңалықтарымызда айтқан едік. Ал «Оқжетпес» бұл маусымда ашыла ма, жоқ па, әріптесім Абзал Құрманкин анықтап көрді. 

Маусымның 17-сі күні «Оқжетпес» лагеріне 250 шақырым жердегі Ақжар ауданынан 36 бала келген. Алайда олар ізінше кері қайтарылады. Бұл туралы балғындардың ата-анасы бізге телефон арқылы хабарлады. Айтуларынша, демалыс орнының ашылуына санитар мамандар рұқсат бермеген.

Гүлзира Әскербай, Ақжар ауылының тұрғыны:

Балалар бір күн қонды. Условиялары, ешқандай жағдайлары жоқ дейді. Төсек орындары да дұрыс емес дейді. Бір күн болып, сол екінші күні қайтадан қайтып келді. Барғысы келмейді енді олардың. Енді екінші ретте қайтадан басқа лагерге баруға нетпей отыр, анадан кейін беттері қайтып, көңілдері түсіп қалды.

Бір топ баланы «Оқжетпеске» апарған Ақжар аудандық білім бөлімінің қызметкері Болат Мұқашев балалар демалыс орнына осы лагерь басшысының шақыртуымен барғанын айтады. "Олардың бізді қабылдауға дайын еместігінен бейхабар едік" деп отыр. Ал аудандық білім бөлімінің өз айтар уәжі бар.

Еділ Жакенов, СҚО Аққайың ауданы білім беру бөлімінің басшысы:

Біз жазғы демалысты жоспарлаған кезде маусымның басталуын арнайы бір уақытқа белгілеген едік. Кейбір мекеме басшылары ақпаратты анықтамай жатып, алдын ала жасалған жоспарға сүйеніп келген шығар. Иә, шын мәнінде ондай жағдай тіркелсе, мен өз атымнан кешірім сұраймын.

Аталған демалыс орны эпидемиологтардың 19 шартын орындамаған. Сондықтан СЭС мамандары олардың бала қабылдауына рұқсат етпепті. Құзырлы орган өкілдерінің пікірінше, лагерь басшылығы бұл талаптарға бей-жай қараған.

Татьяна Горлова, СҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары:

Талаптарды тым қатал деуге келмейді. Мәселен, киім шкафтары мен қоқыс жәшіктерін орнату, сынған ыдысты пайдаланбау сияқты. Бұл үлкен проблемаға жатпайды. Оны алдын-ала шешуге болар еді. Меніңше, демалыс орнының өкілдері бұл талаптарға салғырт қарады.

Абзал Құрманкин, тілші:

Тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің жаңа талаптарына сәйкес биылдан бастап лагердің әр нысаны сумен қамтылуы тиіс. Жазғы маусымның кейінге шегерілуін мекеме жетекшісі осымен түсіндіріп отыр. Оқжетпес лагерінде 11 корпус бар. Барлығы 500 метрге жуық құбыр тартылды. Ауқымды істі бітіреміз деп, біраз уақытты жоғалтып алдық, дейді ол.

Аслан Тілеубергенов, СҚО «Оқжетпес» жазғы демалыс лагерінің директоры:

Биыл әр үйге су өткізіп, жылытқыш қондырғыларын қойып, корпустардың жанынан кәріз шұңқырын қаздық. Кейін эпедемиологтарға әр корпустың суын сараптамаға тапсырдық. Осыған да көп уақыт кетті. Қазір СЭС мамандарының басқа да талаптарын орындап жатырмыз.

Эпидемиологтар, демалыс орны басшыларының үстінен прокуратураға шағым түсірді. Енді «Оқжетпестің» өкілдері айыппұл төлеуі мүмкін. Бұдан бөлек, ақжарлықтардың жол шығынын өтеуі тиіс. Қызылжар өңірінде "Оқжетпестен" басқа тағы 2 лагерь эпидемиологтардың қорытындысын ала алмай отыр. 

Абзал ҚҰРМАНКИН