Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Жыл соңына дейін Каспий жағалауы ойпаңында барлау жұмыстарын бастау көзделіп отыр

AstanaTV
14.04.2016ж. 20:00
1572
Жыл соңына дейін Каспий жағалауы ойпаңында барлау жұмыстарын бастау көзделіп отыр

Мамыр айының соңына дейін «Еуразия» мұнай жобасының геологиялық барлауына инвесторлар қосылуы мүмкін. Ірі мұнай-газ компаниялары бұған қызығушылық танытып отырғанын Энергетика министрі айтты. Мамандардың айтуынша, консорциумға кем дегенде 6 компания енетін болады. Бұл тізімге «ҚазМұнайГаз» ҰК міндетті түрде кіреді деп болжанған. Ал Каспий жағалауы ойпаңының 30 пайыз бөлігі Ресей аумағында орналасқандықтан, ресейліктер де жобаға қатыспақ.

Балтабек Қуандықов, «Еуразия» халықаралық жобасының бас үйлестірушісі:

Қашағандағы жұмыс тәжірибесі көрсеткендей, консорциумға көп компания мүше болса, оны басқару оңайға соқпайды. Сондықтан «Еуразия» жобасының консорциумы шағын болады деп отырмыз. Қытайлықтар осы бірлестікке кіруге ынталы екендерін білдіріп отыр.

Үкімет «Еуразия» халықаралық жобасына инвесторларды тарту үшін, консорциумға мүше компанияларды бірқатар салықтан босатып, басқа жеңілдіктер де жасаған еді.

Ұзақбай Қарабалин, «Қазэнерджи» қауымдастығы төрағасының орынбасары:

Консорциум мүшелерінің әрбіреуіне үкімет тағайындаған участоктың көлемі айтылады. Консорциум мүшелері өздері қалаған жерден соны конкурссыз алуға мүмкіншілік туады оларға. 

Каспий жағалауы ойпаңында көмірсутектер кенін барлау жұмыстары 5 жыл ішінде жүзеге асады деп жоспарланып отыр. Жобаға 520 млн доллар инвестиция тартылмақ. Мамандар барлау жұмыстарын шартты түрде 3 кезеңге бөлді. «Каспий-1» ұңғымасымен 15 шақырым тереңдікке дейін бұрғылау көзделіп отыр. Министрлік өкілдерінің айтуларынша, терең бұрғылау жұмыстарын өткізбесе, 15-20 жылдан кейін мұнай өндірудің көлемі күрт азаюы мүмкін.

Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА