Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

"Келесі Олимпиадада орын аламын",- А.Әжіғалиев

AstanaTV
21.02.2022ж. 20:00
1656
"Келесі Олимпиадада орын аламын",- А.Әжіғалиев

Хабарымыз әрі қарай спорт жаңалықтарымен жалғасады. Онымен  әріптесім Асылбек Данияр таныстырады. Асылбек, Болгарияға аттанған боксшыларымыз қалай өнер көрсетіп жатыр? Медальден үміт бар ма?

Кеш жарық, Руслан! Жалпы, боксшылардың аяқ алысы жаман емес. Әрине, жүлде болады деген ниет бар. Осы және өзге де жаңалықтар сәлден соң.

Болгариядағы бокстан дәстүрлі «Странджа» турнирі басталды. Былғары қолғап шеберлерінің бәсекесіне 15 қазақстандық спортшы аттанған болатын. Олардың бесеуі қарсыластарына есе жіберіп, бірінші айналымнан-ақ жарысты тоқтатты. Келесі кезеңге 10 боксшы жолдама алды. Алғаш болып шаршы алаңға шыққан жеңіл салмақтағы Махмұт Сабырхан германиялық қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Ал орта салмақтағы Оразбек Асылқұлов, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Абзал Серік, Дулат Бекбауов және Қуан Қуатов та жеңіске жетті. Сонымен бірге, ауыр салмақтағы тағы 4 спортшы келесі айналымда бақ сынайды. Жалпы, София қаласындағы турнирдің қорытындысы 29-шы ақпанда белгілі болады.

XXIV Қысқы Олимпиада ойындары өз мәресіне жетті. Төрт жылдықтың байрақты бәсекесі қазақстандықтар үшін сәтсіз аяқталды. 34 спортшының бәрі медальсіз қайтты. Қазақстан 1996 жылдан бері Ақ ойындарға қатысып келеді. Атлеттеріміз қатысқан 8 Олимпиаданың тек бесеуінде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Қытайға спортшыларымызды алып баруға 228 миллион теңге, ал жалпы дайындыққа 400 миллион теңге жұмсалды деген ақпарат та бар. Бүгін Олимпиадаға кеткен спортшылар оралды. Оларды жанкүйерлері мен министрлік өкілдері күтіп алды. Атлеттердің арасында Олимпиаданың ашылу және жабылу салтанатында Қазақстан Туын ұстап шыққан шорт-трек шебері Абзал Әжіғалиев та бар. Үш бірдей Олимпиада ойындарына қатысқан спортшы төрт жылдан кейін өтетін ойынға да қатысуға ниеті барын жеткізді.

Абзал ӘЖІҒАЛИЕВ, XXIV ҚЫСҚЫ ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ:

Келесі олимпиадада орын аламын деген мақсатым бар. Және де бізде де олимпиадаға дейін қаншама әлем кубоктары бар, әлем чемпионаттары бар сол жарыстарда топ жарғым келеді.

Әлеуметтік желіде кеңінен тараған бұл видеоны Абзалдың өзі де көріпті. Ендігі мақсаты – сол жанкүйерін тауып, өзінің алғысын білдіру.

Абзал ӘЖІҒАЛИЕВ, XXIV ҚЫСҚЫ ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ:

Шын жанкүйер болып қолдағаны сезілді, мен сол апаға сыйлық сыйлағым келеді. Қазір теледидардан қарап жатса, менің әлеуметтік желіме жазса.

Қазақстандық актёр айды аспаннан бір-ақ шығарды. Өнермен спортты қатар алып жүрген файтер Еркебұлан Тоқтар Ташкентте өткен Octagon 27 турнирінде жеңіске жетті. Бұл оның ММА-де өткізген төрт жекпе-жектегі үшінші жеңісі.

Ол өзбекстандық қарсыласын екінші раундта нокаутқа түсірді. Айта кететін жайт, қос сортшы салмақ өлшеу кезінде төбелесіп қалған еді.

Бүгінге айтарым осы. Елдегі және әлемдегі спорттың басты оқиғаларын бізден біліңіздер. Күнделікті дәл осы уақытта жіберіп алмаңыздар. Руслан, сөз өзіңде.   

Рақмет, Асылбек! Ал, біз жаңалықтарымызды жалғастырамыз.

А. Данияр