Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Шымкент қаласының 70 жастағы тұрғыны вагонда тұрады

AstanaTV
09.03.2022ж. 20:00
1153
Шымкент қаласының 70 жастағы тұрғыны вагонда тұрады

Шымкентте 70 жастағы кейуана  вагонда тұрады.  Қалайзада Рүстемованың темір үйшікті мекен қылғанына он жылға таяпты. Жалғызбасты қария  қыста тамыр-таныстың үйін паналаса, көктемнен қара күзге дейін вагон үйшікте күнелтетінін айтады. Онда бірақ  не су, не жарық жоқ. Тіпті  тамақ әзірлейтін мүмкіндік жоқ дейді. Ал кейуана  2014 жылдан бері баспана кезегінде тұр. Толығырақ өңірдегі тілшіміз Айзада Төребекқызы айтады.  
 
Қалайзада Рүстемова күннің көзі жылысымен вагондағы мекеніне оралған. Бірақ түней алмай жүр. Тозығы жеткен темір үйшіктің төбесінен өткен су көрпе төсегін малмандай етіпті. Жатын орыны да, ас ішетін жері де осы.Кейуана баспана кезегіне 2014 жылы тұрыпты. Тоғыз жылдан бері әлі бұйырар емес дейді. Вагон ішінде электр энергиясы жоқ. Ас әзірлейтін газды қосуға тиым салынған.
      
Қалайзада РҮСТЕМОВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Далада күннің ыстығы 40 градус болса мынаның іші 60 градус болды. Темір де бұл, қызып кетеді. Осыны да айтып барып жатырмыз әкімшілікке. Кімге барам?! Кезегің келгеннен кейін аласың... кезегім содан бері қарай 5377. Неге келмейді кезек деп… неге келмейді? Жылжымайды. Үндемейді.
    
Қалайзада Рүстемова  2004 жылы Өзбекстаннан көшіп келген.   Азаматтық алғанымен баспаналы болуға қаржысы жетпеген көрінеді.  Кісі есігін сығалағаннан жақсы ғой деп осы вагонды сатып алыпты. Бірақ осынша жыл пана қыламын деп мүлдем ойлаған жоқпын дейді.
 
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Кеуанаға пана болған темір үйшік Шымкенттің өзінде бір емес бірнеше орын ауыстырып үлгеріпті. Қалайзада апа бос тұрған учаскелерге баспанасын ақшасын төлеп, сүйретіп жеткізетінін айтады. Алайда жер иелерінің көпшілігі вагонды өз ауласында қалдыруға келісе бермейді дейді.

Шолпан ҚАЙЫПОВА, ДОСТЫҚ ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Менің өзім кіргізетіндей менде де екі-ақ бөлме. Оның қай жағына кіргізем. Сөйтіп бұл кісі қысымен квартираға шығып кетті. Көмектессе жақсы болар еді.

Қарияның өзі  құзырлы орындардың табалдырығын  тоздырған.  Тек құр сөзбен шығарып салады дейді. Айтуынша, соңғы рет әкімдіктегілер 2020 жылы күзінде пәтер береміз деп қуантқан көрінеді. Одан бұрын да жатақханадан орын бергенмен бөтен отбасымен қосақтап қойыпты. Ал тұрғын үй басқармасындағылар кейуанаға бір емес бірнеше баспана ұсынғандарын айтады.

Гүлима БАЙСЕЙІТОВА, ШЫМКЕНТ қ. ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

 
Коммуналдық тұрғын үй қорындағы жатақханаларда бұл кісіні жеке тұрғызатындай бір бөлмелі пәтер бос жоқ. Бірақ сол жатақханадан бізде төрт бөлмелі  пәтердің бір бөлмесін босатып осы кісіге ұсындық. Екі апа бір бірімен шүйіркелесіп әңгімелесіп отырсын, сол бөлмеге сізді көшірейік деген ұсыныс жасадық. Алайда Қалайзада апамыз әлі өзінің келісімін берген жоқ.
 
Ал басыбайлы пәтер кезегі келгенде ғана  беріледі. Алдында 1 479 адам бар. Сондықтан тым болмағанда қазір тұрып жатқан темір үйшігін жөндетіп беру жағын ойластырып жатыр.

А. Төребекқызы