$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Әлемнің алпауыт байлары 127 млрд доллар жоғалтты

AstanaTV
27.06.2016ж. 20:00
2057
Әлемнің алпауыт байлары 127 млрд доллар жоғалтты

Соңғы тәуліктерде әлем назары Ұлыбританияға ауған. Корольдіктің Еуропалық одақтан шығу-шықпауы жайлы мәселе көптеген мемлекеттердегі экономикалық ахуалға да айтарлықтай әсерін тигізді. Мәселен, Bloomberg агенттігінің есептеулері бойынша әлемнің ең алпауыт 400-дей бақуатты азаматы 127,4 миллиард доллардан қағылған. Ең көп шығынға батқан - испандық кәсіпкер Амансио Ортега. Әйелдер киімін өндірумен айналысатын бизнес иесі бір күнде 6 миллион АҚШ долларынан айырылыпты.

Ал референдум өткізуге бастамашы болған елдің премьер-министрі Дэвид Кэмерон отставкаға кетуге дайындалып жатыр. Сарапшылардың болжамынша, бұл орынтақ үш айдан соң Нью-Йорк қаласының бұрынғы мэрі Борис Джонсонға бұйыруы мүмкін. Британдықтардың өздері де екіге бөлінді. Англия мен Уэльс Еуроодақтан шығуды құптаса, Шотландия мен Солтүстік Ирландия бұған қарсы. АҚШ болса, Лондонмен серіктестікті үзуге мүдделі емес.

Сьюзан Райс, АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша көмекшісі:

АҚШ президенті көп жылдар бойы премьер Дэвид Кэмеронмен қоян-қолтық жұмыс істеді. Осы ынтымақтастық жалғасуы үшін біз барымызды саламыз. Тіпті терроризммен күресте де ымыраласа жұмыс істейміз.

Ұлыбритания Еуропалық одақтан шықса, әсері баршамызға сезіледі. Бұл Ресей президенті Владимир Путиннің пікірі. Оның айтуынша, әлемдік нарықтағы мұнай бағасының  жедел құбылып сала беруі бұған дәлел.

Владимир Путин, Ресей президенті:

Ұлыбритания мен жалпы Еуропа үшін де, біздің мемлекетіміз үшін де мұның әсері болары анық. Бұл қадамның оң және теріс жақтары бар. Нарық, әлбетте, шығынға батады, батып та жатыр, дегенмен таяу арада жағдай түзеледі деп үміттенеміз. Алда не боларын тек уақыт көрсетеді. 

Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА