Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Премьер-министр Кәрім Мәсімов Қарағанды облысында сібір жарасының ошағын жоюға қатысты мәселені қарады

AstanaTV
27.06.2016ж. 20:00
1760
Премьер-министр Кәрім Мәсімов Қарағанды облысында сібір жарасының ошағын жоюға қатысты мәселені қарады

Қарағанды облысының Шет ауданында бір кездері індет тарап, сол тұста көмілген малдардың қорымдары бүгінде қараусыз қалған. Және оларда тиісті қоршау да жоқ. Аймақта сібір жарасының таралуына осы жағдай себеп болуы мүмкін. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мәлімдеді.

Бүгін аймаққа сапарлаған премьер-министр Кәрім Мәсімов індет ошағын жою мен алдын алуға қатысты тиісті азаматтардан есеп алған еді. Үкімет басшысы бұл мәселе қатаң бақылауда екенін айтты. Ашық жатқан мал қорымдарын оқшаулауды тапсырды. Ақ халаттылар мен ветеринарлардың салғырттығынан облыста 2 адамның өмірі қиылғаны белгілі. Төтенше жағдайға қатысты біраз олқылықтардың беті ашылды. Облыста қоршалмаған, яғни қараусыз жатқан мал қорымдарының саны 10-ға жуықтайды. Қарағанды өңірінде 211 жергілікті ветеринариялық қызметтің тек екеуінде ғана ғимарат бар екен. Өзгелері жалдамалы пәтерлер мен бөлмелерде күнелтіп келеді, - деді Гүлмира Исаева.  Ал 50 ветеринарлық бөлімнің вакцина сақтайтын арнайы камерасы жоқ. Сондықтан Еркіндік ауылындағы 5 мыңдай малдың сібір жарасына қарсы сапасыз вакцинамен егілуі де ғажап емес, - дейді мамандар.

Гүлмира Исаева, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

Қазір вакцинаның сапасын анықтау үшін, Еуропалаық тәуелсіз сараптама орталығының көмегіне жүгіндік. Егер одан кемшіліктер табылса, ветеринарлық инспекция мамандары, сол салаға қатысты жергілікті атқарушы билік өкілдері де жауап береді. Республикада сібір жарасы бар мал көмілген 734 қорым қоршалмаған. Оның оны Қарағанды облысында. Сондықтан инфекция топырақ пен жайылымнан таралуы мүмкін.

Ветеринарлар мен дәрігерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Олардың жұмысын тәуелсіз сарапшылардан құрылған арнайы комиссия да тексеріп жатыр. Ал Еркіндік ауылында карантин шілденің 8-іне дейін сақталады. Әзірге емделіп жатқан 7 адамды қоспағанда, сібір жарасын жұқтырған мал не адам анықталмады. Сондықтан карантинге қарамастан, ауыл тұрғындары ешқайда көшірілмейтін болды.

Тамара Дүйсенова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі:

Біз барлық 97 үйді қарап, 67 кісіні тексердік. Ешқайсынан осындай ауру анықталған жоқ. Ал енді адамдарды көшіруге келсек, премьер-министр скотомогильниктерді обезвредить етіп, дезинфекциялауды тапсырды. Бұл мәселелер орындалса, адамдарды көшірудің де қажеті жоқ. 

Айжан ҚУАШ