Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Шымкентте көшеден табылған баланың анасы іздестіріліп жатыр

AstanaTV
11.03.2022ж. 20:00
1625
Шымкентте көшеден табылған баланың анасы іздестіріліп жатыр

Шымкентте туғанына екі-ақ күн болған шақалақ табылды. Құндақтаулы сәбиді  көшеге тастап кеткен.   Далада жатқан қандай бала? Анасы қайда?  Әріптесім Айзада Төребекқызы анықтап көрді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Жөргекке оралып тасталған шақалақ дәл осы ойын алаңшасынан табылған. Кешкі сағат тоғыздар шамасында жылап жатқан баланың дауысын осында болған екі қыз кездейсоқ естіп қалыпты. Жедел жәрдем қызметіне тапсырған да - солар.
 
Қазір шақалақ қалалық клиникалық балалар ауруханасында. Дәрігерлер оның екі-үш күн бұрын ғана туылғанын айтты. Ұл бала, салмағы - 3 келі 200 грамм, бойы- 50 см. Азият нәсілді.  

Бақытжан ПОЗИЛОВ, ШЫМКЕНТ қ. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Консилиум жасап, біз баланы реанимацияға жатқызып тексердік. Қазіргі таңда бала жалпы палатаға ауысты. Жағдайы жақсы. Бала белсенді түрде жылап жатыр және белсенді түрде сүт ішіп жатыр. Алайда екі-үш күн тағы да тексеріп зерттеу қажет.

 
Баланың қандай жағдайда дүниеге келгені беймәлім.Нәресте далада қанша уақыт жатып қалғаны да анық емес. Полиция «қауіпті жағдайға қалдыру» бабымен тергеуді бастады.  
 
Мөлдір БЕКЕЕВА, ШЫМКЕНТ қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ІШКІ ЖӘНЕ СЫРТҚЫ КОММУНИКАЦИЯЛАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
 
Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының қызметкерлерімен ҚР ҚК 119-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында нәрестенің анасы мен орын алған оқиғаның куәгерлерін анықтауға бағытталған барлық қажетті іс-шаралар жүргізілуде.
 
Өңірдің бас дәрігері егер шақалақтың анасы табылмаған жағдайда оны заң жүзінде құжаттарын рәсімдеп, арнайы мамандандырылған балалар үйіне өткізілетінін айтады. Ал оны асырап алғысы келетіндер қазірден-ақ көп көрінеді.

А. Төребекқызы