Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Петропавлда өрт болып, 5 адам ажал құшты

AstanaTV
14.03.2022ж. 20:00
862
Петропавлда өрт болып, 5 адам ажал құшты

Петропавлда өрт болып, 5 адам ажал құшты. Төтенше жағдай қала ішіндегі жер үйлердің бірінде болған. Баспананың бір қанаты түгел күлге айналған.  Төтенше жағдай мамандарынің дерегінше өрт пештен болмаған. Оқиғаның мән-жайын аймақтағы тілшіміз анықтап көрді.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:

Куәгерлер ең алдымен сенектің өртенгенін айтады. Төтенше жағдай мамандары келгенше жалын тілі төрт пәтерлі тұрғын үйдің бір бөлігін орап алған. Араға бір сағат салып, құтқарушылар отты толық ауыздықтап болған соң, мына жерден үсті басы түгел күйген ер адамның денесін тапқан.

Ізінше сала мамандары үй ішін тінтіп, тағы төрт адамның денесін тауып алған. Оның екеуі әйел. Марқұмдардың денесінде күйіктің ізі болмаған соң, төтенше жағдай қызметкерлері олар түтіннен тұншығып өлген деген болжам жасап отыр. Өрт құрбандарының барлығы да ересек кісілер. Арасындағы ең кішісі 43 жаста. Қазір сала мамандары тілсіз жаудың шығу себебін іздеп әлек. Анығы - өрт әдеттегідей пештен шықпаған. Себебі, төрт пәтерлі баспана орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған екен.

Владимир ХУТИНАЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ТЖД БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Біз келген кезде үйдің ішіндегі кейбір адамдардың жүрегі әлі соғылып жатты. Алайда, сәлден соң көз жұмды.  Мәйттердің барлығы сот медициналық сараптамаға жіберілді. Өлімнің нақты себебін солар айтады. Алдын ала болжамға сәйкес тұрғындар өртке селқос қараған. Қазір біз барлық нұсқаларды қарастырып отырмыз.

Көрші-қолаңның айтуынша, марқұмдардың төртеуі бұл үйде біраз жылдан бері тұрып келген. Оның біреуі мүгедек. Олар ешбір жерде жұмыс істемеген.

Мұрат ШОРТАНОВ, КӨРШІСІ:

Көршілеріміз ылғи ішетін. Бірақ, айғай-шу шығарып, мазамызды алған емес. Сол күні де біреуінңі есік алдында мас болып жүргенін көріпті.


Айта кету керек, құтқарушылар ақпанның бірі күні рейд шараларын өткізген. Сол кезде бұл үйдегілерге де өртке қарсы сақтық шаралары жайында ескерткен екен. Алайда, ескертуден нәтиже шықпаған көрінеді. Жалпы, теріскейде 2 жарым айда 115 өрт оқиғасы тіркеліп, 12 адам тілсіз жаудың құрбаны болған.

А. Құрманкин