Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Қызылорда облысы Жалағаш ауданында келіндер сынға түсті

AstanaTV
19.03.2022ж. 20:00
2299
Қызылорда облысы Жалағаш ауданында келіндер сынға түсті

Қызылордалықтар да биыл Наурыз мейрамын ерекше тойлап жатыр. Тоғыз күнге лайықталып жасалған бағдарламалар бір-бірін қайталамайды. Сондай шараның бірі Жалағаш ауданында өтті. Онда қазақтың келіндері ұлттық-салт дәстүрлерімізді дәріптеп, өзара сайысқа түсті. Ата-бабадан мұра болып қалған құнды жәдігерлер де көрмеден орын алды. Толығырақ тілшіміз тарқатады.

Сайыста 14 келін бақ сынады. Олар ұмыт бола бастаған қазақтың салт-дәстүрін жаңғыртты.  Ұлттық тағамдарды көпшілікке ұсынды.   

«Келіні жақсы үйдің керегесі алтын». Он саусағынан өнер тамған қатысушылар өздерінің  келіндік міндеттерін мүлтіксіз атқаратындарын да  дәлелдеді. Құрақ құрап, диірмен тартып, жамау жамап, ұршық үйірді.  

Ибагүл КАРИФУЛЛАЕВА, САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:

Мұндай жарыстардың тәрбиелік мәні зор. Қазақ келіндеріне үлгі-өнеге көрсететін, ата-бабамыздан келе жатқан әдет-ғұрып дәстүрлерді жаңғыртатын және қазіргі заманда оны қолданысқа енгізетін.  

Перуза ТӘШІМОВА, ЖАЛАҒАШ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
 
Ұмытып бара жатқан ұршық иіру, құрақ құрау, тіпті жеңгелері өздерінің қайын сіңілдеріне шаштарын 2 өрімге өріп, қайынсіңіліге деген құрметі болатын. Диірмен тарту, талқан жасау. Келіндердің алары көп, келешекте өмірлеріне пайдаланады деген үміттеміз.


Келіндер өз әулетінің ертеден мұра болып келе жатқан көне заттарын жинақтап, көрме дайындаған.  

Мөлдір ТОҚТАСЫНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Қазақ халқы бесікті ұрпақ жалғастыратын қасиетті бұйым санаған. Оны көзінің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпақ жеткізген. Бұл сондай құнды жәдігерлердің бірі. 1932 жылы жиде ағашынан жасалған екен. ұстаның шеберлігі бұйымға ешбір шеге қолданылмаған.

Аудандық сайыс  «AMANAT» партиясының «Ұлттық мұра» жобасы аясында өткізілді. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар тек Наурыз тойының қарсаңында ғана емес, жыл көлемінде жалғасын табады дейді.   

Қаншагүл МҰСТАФАЕВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЖАЛАҒАШ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Партиялық жобамыздың негізгі мақсаты ұлттық дәстүрімізді дәріптеу. Қазақ отбасындағы өздерінің ата-бабаларынан ғасырдан ғасырға сақталып келе жатқан жәдігерлерді жалпы халыққа көрсету.  

Жеңімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

М. Тоқтасынқызы