Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Жылу орталығындағы апат кезінде қаза болған әйел бүгін жер қойнына тапсырылды

Жылу орталығындағы апат кезінде қаза болған әйел бүгін жер қойнына тапсырылды

Петропавлдың жылу орталығында болған апаттан қаза тапқан жұмыскердің денесі жер қойнына тапсырылды. 37 жастағы Наталья Чефонова аталған кәсіпорында машинист болып қызмет атқарған. Еске салайық, демалыс күндері Петропавлдың негізгі жылу орталығында 150 метрлік мұржаның жартысы опырылып түсті.

Кәсіпорын өкілдері бетон мұржаның үшінші бөлігі, яғни 40 метрі қирағанын айтады. Түтін шығатын алып құбыр жылу қазандықтарының үстіне құлаған. Апат салдарынан пеш цехының қызметкері Наталья Чефонова үйіндінің астында қалған. Құтқарушылар оның денесін тек екі күннен кейін бірақ тапты. Төтенше жағдайға байланысты бірнеше жылу қазандығы істен шықты. Айта кету керек, түтінді шығаруға арналған 150 метрлік бетон мұржалар 60 жыл бұрын қаланған. Қазір арнайы комиссия апат орнында сараптама жұмыстарын қолға алып, апат себебі мен қалған екі мұржаның жағдайын тексеруге кірісті. Ал прокуратура мамандары жылу орталығы басшысы мен бас инженерін қамауға алды. Құзырлы орган өкілдері тергеу барысында төтенше жағдайға қатысы бар тағы бірнеше тұлғаның ұсталуы мүмкін екенін мәлімдеді.

СҚО ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Бүгінде ҚР Қылмыстық Кодексінің 254-бабы, яғни міндетіне жауапсыз қарау бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция департаменті аталған кодекстің 128-бабына сәйкес №2 жылу электр орталығы” ЖШС директоры мен бас инженерін уақытша ұстау абақтасына қамады. Сотқа дейінгі тергеу аясында, істің мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр.


А. Құрманкин