Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Шымкентте қоқыс тастауға 25 млн теңге жұмсалған пилотты жоба тиімсіз болып қалды

AstanaTV
14.04.2016ж. 20:00
2269
Шымкентте қоқыс тастауға 25 млн теңге жұмсалған пилотты жоба тиімсіз болып қалды

Шымкентте 25 млн теңге жұмсалған қоқыс тастауға арналған жерасты контейнерлері тиімсіз болып шықты. Енді әрбірінің сыйымдылығы 5 текше метр болатын жәшіктер біртіндеп алынып тасталмақ. Пилотты жобамен орнатылған дүниені жергілікті тазалыққа жауапты мекеме осыдан төрт жыл бұрын Ресейден қыруар қаражатқа алдыртқан. Жоба неге іске аспай қалды? Айзада Төребекқызы анықтауға тырысты.

Сыйымдылығы 5 текше метр болатын мынадай қара пластик бөшкелер Нұрсәт шағын ауданының 19 жеріне орнатылған. Екі метр тереңдіктегі бөшкелердің жалпы саны - 57. 2012 жылы қала қазынасы есебінен сатып алу құны мен орнатуын қосқанда бас аяғы 25 млн теңге жұмсалыпты. Пилотты жоба ретінде қолға алынған контейнерлердің талапқа сәйкес жарамдылық мерзімі 10 жыл. Бірақ көріп тұрғанымыздай бүгінде қолданыстан шығып қалған. 

Пилотты жобаның өзін өзі ақтамауының басты себебі тұрғындардың  негізгі талапты сақтамауында,- дейді сала жауаптылары. Айтуларынша, мәселен мына төрт бөшкенің біріне шыны және пластик ыдыстар тасталуы тиіс екен. Ал тұрмыстық қатты заттарға бөлек бөшке қаралған. Азық-түлік қалдықтары да солай бөлек тасталуы тиіс. Бірақ тұрғындар бұған салғырттық танытқан көрінеді.

Нұржігіт Әбдірахманов, Шымкент қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

Оның іші қанар қапшықпен оратылған да, капсула дейді ғой , капсуласы қанар қапшықпен істелінген да ол, сол бізде жанып кетіп отырды. Өйткені темекінің қалдықтары, күл онша-мұнда кафе, асханадан шыққан күлдер түсіп, темекілердің қалдықтары түсіп қанар қапшықтар жанып кетіп отырды. Қанар қапшық жанып кеткеннен кейін мусорды алу мүмкіншілік болмады. Қалдықтарды бөлек жинаймыз деп жазып та қойылды ол. Бірақ ондай өзін ақтамады.

Алайда тұрғындар ешқандай ескертуден хабарсыз болып шықты.

Рахимаш Досанова:

Ең болмаса, сыртына жазып қою керек еді, қандай қоқыс қай жерге салатынын. Басында әкелген кезде  уақытылы аптасына бір рет тазалап тұратын еді. Ал содан кейін уже машина жоқ деді, анау жоқ деді, сөйтіп сонымен  қазір тұр уже. Уже бір жылдан асты бұл тұрғанына. Ешкім келіп қарамайды да тазаламайды да,әкетпейді де.

Нұрсәттіктер қоқыстарын қазір баяғыша темір контейнерлерге тастап жатыр. Бұл маңда қосымша темір жәшіктер орнатылған. Тұрғындар әдеттегіше бөліп жармай тастап жатыр. Ал желім бөшкелер талайдан тазаланбағандықтан қолдануды мүлдем қойдық дейді. Тіпті тездетіп құтылуға асық.

Күләнда  Жұмағұлова:

Сасып тұр. Мүмкіндігінше алып кетсе дейміз.Тиімсіз ол. Өйткені ішіндегі қапшығы да ауыр  жүкті көтермейді екен,жыртылып, ішінде мусор сол күйінше қалып қояды.

Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары  қазіргі қойылған темір жәшіктердің  артықшылығы сапасы жоғары металлдан жасалған, жарамдылық мерзімі жоғары дейді. Қазір көпқабатты үйлердің 80 пайызына осындай евроүлгідегі жәшіктер орнатылыпты. Ал жерасты контейлерлері таяуда түгел жиналып алынады. Олар қолдану мақсаты белгілі болғанша қоймада болады.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ