Қарағанды облысында 350-ден астам науқас донорға зәру. Олар жүрек, бүйрек пен бауырларын шұғыл ауыстыруы тиіс. Алайда Қазақстанда қаза тапқан туыстарының мүшелерін өзгеге қиятындар сирек. Сондықтан жыл сайын ондаған адам донорды күте – күте көз жұмады. Өмір сүргісі келетін жандарға қалай көмектесуге болады? Олар қоғамнан не күтеді? Тілшіміз Айжан Қуаштың бейнематериалы.
Анатолий Саловқа дәрігерлер ең басты мүшесін ауыстыру қажеттігін айтқанда ол өмір сүретініне сенбеген. Алайда науқасқа миллионның біріне ғана берілетін бақыт бұйырды. Өлген адамның донор жүрегі салынып, аман қалды. Анатолий оны құтқарған марқұмның кім екенін білмейді, бірақ оның ата- анасына ризашылығы шексіз.
Анатолий САЛОВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫ БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Тура ертегідегідей. Ұзақ ұйықтап, наркоздан шыққан соң расымен жүрегімді ауыстырдыңыздар ма, - деп сұрадым. Сене алмадым. Еркін демалып, жүріп тұра аламын. Маған жүрегін берген жас жігіт деп естідім. Кім болса да біреудің баласы ғой, донорлыққа рұқсат берген ата- анасына алғысым шексіз.
Мамандардың айтуынша, бақилық болған жандардың дене мүшесін науқасқа салу елімізде сирек кездеседі. Көп жағдайда оған ешкім келісе қоймайды. Сондықтан, бұл лотореядан ұтыс шыққанмен бірдей. Биыл 15 адам донорды күте – күте өмірден озған.
Салтанат САРИЕВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ ТРАНСПЛАНТОЛОГИЯ ЖӘНЕ ГЕМОДИАЛИЗ БОЙЫНША ШТАТТАН ТЫС БАС МАМАН:
Тіпті Пәкістан, Иран, Индия секілді мұсылман мемлекеттерінде де қайтыс болған туыстарының мүшесі арқылы басқа бір адамның өмірін құтқару сауап деп саналады. Алайда бізде оны түсіне бермейді. Адамның ми жасушалары өлген соң оның басқа сау дене мүшелерін алуға болады ғой. Елімізде заң бойынша кез келген тұрғын емханаларға барып тірі кезінде өз дене мүшесін қайтыс болған соң өзгеге беруге рұқсат беретін келісімшарт та жасай алады. Алайда ол орындалмайды.
Донор тапшылығынан науқастарды көбінесе жақын туыстары құтқарады. Медет Қаппаровқа да бір жарым ай бұрын зейнеттегі әкесінің бір бүйрегі салынған. Түркияда жасалған отаға қаржыны қайырымды жандар жинап беріпті. Бірнеше жыл гемодиализге таңылған жігіттің жағдайы біртіндеп түзеліп келеді. Осылайша әкесі жалғыз ұлы мен екі немересіне бақыт сыйлады. Медет енді өз тәжірибесімен әлеуметтік желі арқылы бөлісіп, жарым жандарға көмектескісі келеді.
Медет ҚАППАРОВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мен донорды күте алмадым. Өйткені қант диабеті, жүрек ауруы тағы қосылды. Өлі донор мүшесіне кезекке тұрдым, бірақ ешкім табылмаған соң тәуекелге бел будық. Бұл саланы дамыту керек. Дамыған елдерге бақилық болған бір адам бірнеше адамның өмірін құтқара алады екен. Неге бізге де сауап жасамасқа?
58 жастағы Әбкен Сәденовқа донор керек. Оның бір бүйрегі жоқ, екіншісін аптасына 3 рет 4 сағаттан гемодиализбен демеп отыр.
Әбкен СӘДЕНОВ, НАУҚАС:
Туыстарымның бәрінің осындай бүйрек ауруы бар. Сондықтан маған донорлыққа келмейді. Июнь айында бір жыл болады осы аппаратпен аптасына 3 ретгемордиализбен нетеміз.
Қарағанды облысында 350 -ден астам адам донорға зәру. Оларға сау жүрек пен бауыр, бүйрек керек. Мамандар мен науқастар адам өмір сыйлаудан артық қайырымдылық жоқ екенін айтады. Егер қазақстандықтар адамгершілік танытып, көз жұмған туысының сау мүшесін беріп, өзгеге өмір сыйласа, жыл сайын ондаған адамды құтқаруға болар еді дейді.
А. Қуаш