Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Қостанайда екі бала қызыл жалынның құрбаны болды

AstanaTV
28.03.2022ж. 20:00
926
Қостанайда екі бала қызыл жалынның құрбаны болды

Қостанайда үй өртеніп, төрт адамның денесі табылды. Арасында балалар бар. Кәмілет жасына толмаған жеткіншектер туысының үйіне түнеп, түтінге тұншығыпты. Екіқабатты үйден шыққан өрт 9 және 11 жастағы қыздардың өмірін жалмады. Заңғар Санайдың репортажы.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Тұрғындардың айтуынша  қызыл жалын үстіңгі қабатта тұтанған. Өрт өршіген тұста екінші этаждан қарт ана секіріп, аман қалған көрінеді. Ал қос бүлдіршінге ешкім қол ұшын соза алмапты.

Андрей КУӘГЕР:

Көмектесіңдер деп айқайлады. Екінші қабаттағы әйел әуелі мені құтқарыңдар ,сосын баларды шығарарсыңдар деді. Бірақ  қас-қағым сәттен кейін балалардың үні шықпай қалды.


Қос қабатты бұл үйді бірнеше жылдан бері 7 отбасы жалдап тұрады екен. Өртте қаза тапқан ерлі –зайыпты алты ай бұрын қоныстанған. Ал түтінге тұншығып жан тәсілім болған қыздар ағасының үйіне жиі қонаққа келіп жүріпті. Жалын екінші қабаттың 100 шаршы метрін шарпыған. Өрт орнынан 1988 жылғы ер адамның мәйіті табылды. Ал 37 жастағы келіншек жедел жәрдем көлігінде көз жұмды.

Ольга КУӘГЕР:

Бұл өртке электр сымы мен үй қожайының түк қатысы жоқ деп ойлаймын. Өздері кінәлі. Шылым шекті. Соның салдарынан өрт шықты. Бейкүнә сәбилердің не кінәсі бар???

Қайғылы жағдайға кімнің кінәлі екенін, енді арнайы мамандар анықтауға кірісті.
 
Асыланбек ТЕМІРОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Өрттің шығу себебі анықталуда. Оқиға орнында ТЖД сынақ зертханасының мамандары жұмыс істеп жатыр.
 
Департамент өкілдері төрт адамның өмірін жалмаған өрттің неден шыққанын анықтау мақсатында бірқатар сараптамалар тағайындалғанын хабарлады. Жыл басынан бері облыс бойынша 17 адам тілсіз жаудың құрбаны болған.
 
З. Санай