Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Қазақ қызы тұңғыш рет велоспорттан Азия чемпионы атанды

AstanaTV
28.03.2022ж. 20:00
766
Қазақ қызы тұңғыш рет велоспорттан Азия чемпионы атанды

Кезек, әдеттегідей спорт жаңалықтарында. Онымен әріптесім Асылбек Данияр таныстырады. Асылбек, спорт әлемінде қандай жаңалықтар бар?

Кеш жарық! Қазақ қызы тұңғыш рет велоспорттан Азия чемпионы атанды. Осы және өзге де ақпараттар сәлден соң.

Жәнібек Әлімханұлы ақыры жекпе-жекке шығатын болды. Қарсылас таппай жүрген қазақстандық кәсіпқой боксшының қай күні бокстасатыны  да ресми түрде жарияланды. WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы «уақытша» әлем чемпионы атағы үшін британдық Дэнни ДигНуммен жұдырықтаспақ. Бокс кеші 21 мамырға жоспарланып отыр. Дегенмен оның нақты қайда  өтетін әзірге белгісіз. Айта  кетейін, Жәнібек Әлімханұлы осы уақытқа дейін 11 кездесу өткізіп, оның жетеуінде мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Ал қарсыласы 14 рет рингке шығып, 8 жекпе-жекте нокаут жасаған.

Әлем чемпионы атағы мен белбеуін қайтарып алды. Британиялық боксшы Джош УорРингтон былтыр өткізілуі керек жекпе-жектен бас тартқан соң, титулды бұрынғы қарсыласына берген еді. Арадан бір жыл өткен соң испаниялықпен кездесу туралы шешім қабылдады. Айқас кеше өтті Джош бірінші раундта-ақ қарсыласын нокдаунға түсірді. Ал жетінші раунда жойқын соққы жасап, ашық айқасқа кіріскен британиялық жеңіске мерзімінен бұрын жетті. Атақ үшін күрес кезінде оның жағы сынып кеткен.

Канада футболында тарихи оқиға. Аталған елдің аяқ доп шеберлері 36 жылдан кейін әлем чемпионатының финалына жолдама алды. Олар бүгін өз алаңында Ямайканы қабылдап, 4:0 есебімен жеңіске жетті. Канадалықтар 1986 жылғы мундиальда бақ сынаған болатын. Олар өз тобында төртінші орынды місе тұтқан еді. Қазір Еуропада тағы үш жолдама үшін өтпелі кезең ойындары өткізілуде. Әлем чемпионаты 21 қараша мен 8 желтоқсан аралығында Катарда өтеді.

Қазақ қызы тұңғыш рет велоспорттан Азия чемпионы атанды. Рината Сұлтанова Тәжікстанда өткен шосседегі жарыста алтын медаль жеңіп алды. Велошабандоз 24 шақырымды 33 минут 24  секундта еңсерді. Сонымен бірге, отандасымыз Евгений Федоров та бас жүлдені қанжығасына байлады.

Менде бүгінге осы. Елдегі және әлемдегі спорттың басты оқиғаларын бірінші болып бізден біліңіздер. Әділет, сөз сенде.

Рақмет, Асылбек! Ал, біз жаңалықтарымызды жалғастырамыз.

А. Данияр