Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Дәулеткерей атындағы халық аспаптар оркестрінің ұжымы домбыра мен қобызды өз ақшасына алуға мәжбүр

AstanaTV
29.03.2022ж. 20:00
2109
Дәулеткерей атындағы халық аспаптар оркестрінің ұжымы домбыра мен қобызды өз ақшасына алуға мәжбүр

Талай байқауда топ жарып, жүлдегер атанған Дәулеткерей атындағы халық аспаптар оркестрі жібі түзу аспапқа жарымай отыр. Оралдық өнер ұжымы  домбыра мен қобызды өз ақшасына сатып алуға мәжбүр. Айлығы 60 мыңнан әрең асатын музыканттар үшін бұл оңай емес. Өнерпаздардың өкпесін өңірдегі тілшіміз Еркін Карин тыңдады.  

Асылхан Қазиев - оркестрдің байырғы мүшесі.  Түрлі дүбірлі байқаулардың жеңімпазы «айлығым аз болса да, өнерге адалмын» дейді. Бірақ, әбден тозығы жеткен аспаптарға қарап, қынжылатынын айтады.   

Асылхан ҚАЗИЕВ, МУЗЫКАНТ:

Көбісі өздерінің инструменттерімен ойнап жүр. Шамамен 85-90 проценті өздерінің инструменттерімен ойнап жүрген болар. Көп нәрсе инструментке байланысты ғой. Сондықтан инструменттің жақсы болғаны жақсы.


Бүгінде оркестрдің репертуарында мыңнан астам туынды бар. Қазақ күйлерімен қатар, еуропалық композиторлардың классикалық шығармаларын тозығы жеткен аспаптармен-ақ асқан шеберлікпен орындап жүр.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Оркестрдегі ең көне аспаптардың бірі - осы тоқылдақ. Музыканттардың айтуынша, ширек ғасырдан бері пайдаланылып келе жатыр. Қазір аспаптың әбден тозығы жеткен, мына жиектерінің бәрі сынып, бүлініп қалыпты. Ал мұндай аспаптың заманауи түрі кем дегенде 300 доллар тұрады.

Оркестрдің көркемдік жетекшісі Еркін Нұрымбетовтың айтуынша, ұжымның жеке көлігі де жоқ. 50 адамдық өнер ұжымы гастрольге толық құраммен шыға алмайды. Сондықтан 15-20 орындық шағын автобустарға бөлініп мінуге мәжбүр. Оркестр құрылған 22 жылда музыканттардың үш буыны алмасса да, жағдай өзгермеген.

Еркін НҰРЫМБЕТОВ, ДӘУЛЕТКЕРЕЙ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚ АСПАПТАР ОРКЕСТРІНІҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ ЖӘНЕ БАС ДИРИЖЕРІ:


Көптеген музыканттарымызды бала кезінен тәрбиелеп- тәрбиелеп, алып келеміз, үлкен, биік деңгейге дейін алып келеміз де, олар сол ақша қай жерде көп төлейді. Сонда кетіп қалады. Сонда біз басқа бір ұжымдардың мамандарын даярлаумен айналысып жатқан сияқтымыз.  

Салаға жауапты шенеуніктер жағдайдан хабардар екенін айтады. Бірақ өнердің ештеңемен өлшенбейтін талаптарын мемлекеттік сатып алу туралы заңның шеңберіне сыйғызу мүмкін емес дейді.

Сайран ДҮЙСЕНТЕГІ, БҚО МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
 
Бұлар енді профессионал оркестрлер ғой. Бұларды былай тендермен өткенде арзан домбыраларды бұлар ойнамайды. Осы жерде қазір көп қиындық туып тұр. Ақша бөлінген кезде тендерге жіберуіміз керек. Ол кезде жаңағы аннан-мыннан, Қытайдан келген арзанқолды домбыралар өтіп кетеді. Ақша бөлген кезде осы жерді қандай жолы барын іздеп, таба алмай отырмыз.

Мемлекеттік сатып алу туралы заңның орашолақтығынан аспаптарды жаңарту  мүмкін емес. Сыйымдылығы үлкен автобус та әзір сатып алынбайды.  Бұған қымбат көлік алуға жарияланған мораторий кедергі.  Демек, ұлттық құндылықтарды ұмыттырмауға ұмтылған өнер иелерінің әлі талай аспапты өз ақшасына сатып алудан басқа амалы жоқ.  
 
Е. Карин