Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

«AMANAT» партиясының өкілдері өңірлерде азаматтарды қабылдады

AstanaTV
31.03.2022ж. 20:00
2258
«AMANAT» партиясының өкілдері өңірлерде азаматтарды қабылдады

«AMANAT» фракциясы қазақстандықтардың арыз-талаптарын жинауды үдетіп жатыр. Көшпелі қабылдаулардың көмегімен ең алыс деген аймақтарға арнайы барып, халықпен кездесуде. Мобильді қабылдау топтары ірі кәсіпорындар мен әлеуметтік маңызы бар нысандарға да барды.

Тоқсанның ішінде "AMANAT" партиясының Нұр-Сұлтан қалалық филиалына мың жарымнан астам талап-тілек түскен. Бұгін партиялықтар "Тельман" шағынауданында болып, көшпелі кездесу өткізді. Бұқараны көктемгі тазалық жұмыстары мен газ тарту мәселесін алаңдатады екен.  

Альмира ЖАРЕНКЕНОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Еріген қардан ауланы су басып кетті. Әкімнің орынбасары дәл қазір арнайы техника жіберіп ретке келтіреміз деді. Мен көпбалалы анамын. Жылдағыдай азық-түлік себеті беріле ме деген сұрақты көтердім. Бұны да қарастыратындарын айтты. Бұл өте үлкен көмек болар еді біз үшін.


Партия өкілдері қысқа уақытта қала шетінде еленбей қалатын аудан тұрғындарын толық аралауды жоспарлап отыр.

Сақтаған СӘДУАҚАСОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Барлық қаланың ішінде жұмыс істейтін мемлекеттік органдардың қызметкерлерін, өкілдерін шақырып, осы жерде халықтың арасында кездесу ұйымдастырып жатырмыз. Өзекті, өткір мәселелерді талқылап, партия тарапынан бақылауға алып, шешімдерін тапқанша дейін осы мәселелерді бақылауда ұстап отырамыз.


«AMANAT» партиясының ал Алматыдағы филиалына жыл басынан бері 3 мыңнан астам өтініш түскен. Оның 80 пайызы оң шешімін тауыпты. Наурызбай ауданының тұрғындары үшін кезекті қабылдау 7-ші қалалық клиникалық ауруханада өтті. Арнайы ашылған қабылдау кабинетіне мекеме қызметкерлері де ағылды.

Жанна СТАМҚҰЛОВА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Баламды сол кезекке үйдің кезегіне қойсам деген сұрақпен кірдім. Толық мағлұмат алдым, өте қуаныштымын. Әрине бізге жұмыс уақытында бару бізге қиынға соғады. Осы қабылдау бөлмесінің ашылғанына біздің қызметкерлер атынан өз атымнан көп рахмет айтамын. Өйткені көп сұрақтарды осы жерде шешіп алдық.

Ал Павлодардағы «AMANAT» партиясының мүшелері қоғамдық қабылдауды ірі кәсіпорындарда өткізді.

Илья ТЕРЕНЧЕНКО, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:

Бүгін бізге 4 тұрғын шағымын айта келді. Оның екеуі ұжымдық арыз.  Айтуларынша, партияның бұл қабылдау процесі өте тиімді. Өйткені, зауыт қызметкерлері таңнан кешке дейін жұмыста болатындықтан, мәселелерін айтып баруға да уақыт тапшы болғанын жасырмады. Сол себепті бұл мәселелерді уақытылы шешуге де септігін тигізеді деп ойлаймыз.


Қарлығаш Жұмабекова «Қазақстан электролиз» зауытында  көп  жылдан бері жұмыс істейді. Қосымша жұмысшылардың кәсіподақ ұйымын басқарады. Ол қабылдауда ұжымының атынан арыз айтты.

Қарлығаш ЖҰМАБЕКОВА, ЗАУЫТ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
 
Бұрын мәселемізді жеткізу үшін партияны іздейтінбіз. Қазір партия өзімізді іздеп келді. Өте ыңғайлы. Жұмыстан босай қалғанда келіп, проблемаңды жеткізуге болады.


«AMANAT» фракциясы қазақстандықтардың арыз-талаптарын жинауды үдетіп жатыр. Бұл бұқараны да қуантады. Олар мәселелері жедел шешімін табады деп сенеді.

А. Съезбек, Ә. Лесбек