Спорт Қазақстан
$443.37 €474.49 ₽4.83
×

Орал премьер-министрді күтіп алуға әзірленіп жатыр

AstanaTV
01.04.2022ж. 20:00
1337
Орал премьер-министрді күтіп алуға әзірленіп жатыр

Орал қаласы Премьер-Министр Әлихан Смайыловты күтіп алуға әзірленіп жатыр. Бұл - үкімет басшысының осы өңірге алғашқы сапары болмақ. Жоспарға сай, премьер өңірдегі бірқатар әлеуметтік және өнеркәсіптік нысандарды аралап, жұмысымен таныспақ.

Шаһардың орталық көшелерінің қиылыстарына патрульдік көліктер қойылып, тәртіп сақшылары жүргіншілерді қадағалап жүр. Полиция көліктерінен жасақталған кортеж де арнайы дыбыстық сигналып қосып, премьердің жүретін маршрутын пысықтап жатыр. Қаланың орталық көшелеріндегі бағдаршамдар ажыратылып, жол сақшылары көлік қозғалысын өздері реттеуге кіріскен. Осының кесірінен кептеліс күшейді. Тұрғындар мұндай қарбаласқа қарап облыс әкімі ауысуы мүмкін деп топшылайды.

Нұрлыбек РАХМАН, САРАПШЫ:

Президенттің облыс басшысына берген тапсырмаларының біреуі де орындалмады. Әсіресе мына ет экспортын арттыруды тапсырған болатын. Ол көрсеткіш керісінше 30% төмендеп кетті. Бизнесті біркелкілендіру жайлы тапсырмасы да орындалған жоқ. Ауыз су мәселесі әлі шешілген жоқ толықтай. Оңтүстік аудандарда 2021-жылы аяқталуы тиіс жол әлі салынып біткен жоқ. Екі жылға кері шегерілді.

Қардың түгел ерімегеніне қарамастан, мердігерлер жолдардың ой-шұқырын асығыс жөндеп жатыр. Асфальтты шелекке езген жұмысшылар жолды топырақ тығыздайтын құрылғымен тегістеуде. Бірақ қала жолдарының жағдайы мәз емес. Жауапты сала өкілдері жолды жөндеуге қаржы табылмаған соң, ой-шұқырды өрнектаспен бітеп әлек. Дегенмен қала билігі жыл соңына дейін 18 көшенің жолын жөндеуге 9,5 миллиард теңге жұмсаймыз деп отыр. Бірақ премьер-министр аймаққа сапарын кейінге қалдырыпты. Есесіне, Орал қаласы балшықтан бір тазарып, көшелер жаңғырып қалды.

Е. Карин